Коронавирустан көз жұмған екі адамға қатысты ақпарат шықты

0

Қазіргі кезге дейін елімізде 2 334 адамның коронавирус індетін жұқтырғаны расталған болса, дерттен айығып шыққандардың саны 568-ге жетті

НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Соңғы дерек бойынша Қазақстанда тағы екі адам қайтыс болды. Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қайғылы жағдайға байланысты нақты деректерді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

1957 жылы туған әйел адамның зайыбының айтуынша, марқұм апта бойы қақырықты жөтел мен дене қызуының көтерілгеніне шағымданған. Солай бола тұра, ол үйде өз еркімен ем қабылдаған.

23 сәуір күні аяқ астынан дем жетпей, есін жоғалтқан. Жедел жәрдем бригадасы шақырылғанымен, дәрігерлер жеткенге дейін науқас көз жұмған.

Ал коронавирусқа қатысты талдау қорытындысы оң нәтиже көрсеткен.

Оқи отырыңыз: Алматыда індеттен сегізінші адам көз жұмды

Қайтыс болған екінші науқас 1945 жылы туған. Ол 12 сәуір күні COVID-19 диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.

Науқаста осы кезге дейін жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертония, алдыңғы ми артериясының аневризмі, созылмалы пиелонефрит, екі жақты пневмония сияқты ілеспелі сырқаттары болған.

«Ауыр жағдайда болғандықтан пациент жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған», – делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, Қазақстанда аталған індет салдарынан көз жұмғандардың жалпы саны 24-ке жетті.



sputniknews.kz