Коронавируспен ауыратын науқасқа парацетамолды қай кезде ішуді бастау керек?
Дене қызуы 38,5 градустан төмен ересек адамдарға дене қызуын төмендететін препараттар — парацетамол және ибупрофенді қабылдауға болмайды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, «Астана медицина университеті» ҰАО жедел медициналық көмек, анестезиология және қарқынды терапия кафедрасының меңгерушісі, Нұрила Малтабарова хабарлады
Оның айтуынша, бұл дәрілер стероид емес, қабынуға қарсы препараттар тобына жатады. Сонымен қатар дәрігерлерде бұл препараттарды қолдану туралы нақты хаттамалар бар.
«Ересектерге арналған парацетамол мен ибупрофенді дене температурасы 38,5 градустан жоғары болған кезде ғана қолдану керек. Бұл дәрі-дәрмектердің басқа маркалы аналогтары бар, бірақ белсенді зат барлық жерде бірдей. Біз бұл дәрілердің жанама әсерлерін ұмытпауымыз керек», — деп ескертті доцент.
Медицина ғылымдарының кандидаты неврологиялық аурулармен тіркелген балалар үшін дәрігерлер парацетамолды 37,5 градус температурада тағайындайтынын түсіндірді.
Нұрила Малтабарова өздігінен емделу күтпеген салдарға алып келуі мүмкін екенін атап өтті, сондықтан дене қызуын төмендететін препараттарды қабылдауға кіріспес бұрын дәрігермен кеңесу керек екенін айтты.
Айта кету керек, Қазақстанда коронавируспен ауыратын науқастар санының артуы аясында республиканың дәріханаларында кейбір препараттардың тапшылығы байқалды.
Халықты дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз ету мәселесін мемлекет басшысы өз бақылауына алды. Президент денсаулық сақтау министрлігіне және құқық қорғау органдарына республика дәріханаларында парацетамол мен термометр тапшылығын анықтап, жоюды тапсырды.