«Коронавирус жұқтырған жұмысшыларды әкеліп жатқызбақшы»: Атырау облысының тұрғындары шу шығарды — Қазақстан жаңалықтары

0

Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентінің карантинде жатқан тұрғындары аяқ астынан бас көтерді. Айтуларынша аудандағы ауруханаға Теңіз кенішінде қауіпті инфекция жұқтырған жұмысшыларды әкеліп жатқызбақшы.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Ақпарат әлеуметтік желіде тараған бойда мақаттықтар аурухананың алдына жиналып, «бұған жол бермейміз» деп наразылық білдірді.

Науқастармен байланыста болғандарда орын дайындап жатырмыз деген іспетті жазбалардан соң ауыл халқы дүр көтерілді. Бұған жол бермейміз деген мақаттықтар карантинге қарамастан бірігіп, наразылыққа шықты. Көпшілік Мақатта оларға орын жоқ деп шуласты. 

Мақат ауданы басшылары бұл жалған ақпарат деп ақталғанымен жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды деп шулаған халықтың сенгісі жоқ. Өйткені бұл орындар түн ішінде аяқ астынан дайындалғанын айтады. Аудандағы бас дәрігер де мұның жалған ақпарат екенін айтты. 

«Карантиндік сақтық жұмыстары ретінде орындарды дайындаған едік. Науқастарды әкеледі деген жалған ақпарат», — деді Мақат аудандық ауруханасының директоры Батырбек Оңдасынов. 

Ал, аудандық әкімдің тұрғындарды дүрліктіріп, жалған ақпарат таратқандарды анықтаймыз деп отыр. 

stan.kz