Коронавирус жұқтырған Голливуд актері денсаулығы жайлы хабарлады

0

Танымал актер Том Хэнкс аурудың алдын алу үшін мамандардың кеңесіне құлақ асуға, өзгелерге қамқорлық жасауға шақырды  

АЛМАТЫ, 13 наурыз – Sputnik. Коронавирус жұқтырған Голливуд актері Том Хэнкс Twitter парақшасында денсаулығы туралы жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Достар, сәлем! Рита Уилсон (актердің әйелі) екеуміз біздің жағдайымызды жасап жатқандарға алғыс айтқымыз келеді. Бізден COVID-19 анықталды және ауру ары қарай тарамас үшін оқшау жерде жатырмыз», — деп жазды актер.

Сондай-ақ, актер аурудың алдын алу үшін мамандардың кеңесіне құлақ асуға, өзгелерге қамқорлық жасауға шақырды.

12 наурызда танымал актер әйелі екеуі коронавирус жұқтырғанын хабарлады. Олар қазір Австралияда ауруханада жатыр.

​Том Хэнкс – әйгілі америкалық актер, продюсер, режиссер және жазушы. Ол «Forrest Gump», «Cast Away», «Sully», «Saving Private Ryan» фильмдеріндегі рөлдері арқылы көрермен есінде қалды. Голливуд жұлдызы үздік ер адам рөлі үшін екі рет «Оскар» алған.

Оқи отырыңыз: Екі қазақстандықтан коронавирус табылды — министр 

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі адам анықталғаны белгілі болды. Олардың біреуі Алматыға 9 наурызда, ал екіншісі 12 наурызда түнде ұшып келген.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, 9 наурызда ұшып келген борттағы барлық жолаушы анықталды. Олардың саны – 73 адам.

«Бізде тізім бар. Қазіргі кезде біз оларды оқшаулау шараларын бастап жатырмыз. Ал екінші ұшақ бүгін түнде ұшып келген. Бортта экипажбен бірге 12 адам болған. Олар бірден Алматыдағы инфекциялық стационарға жатқызылды», — деді ол.

Қазақстанда 13 наурыздан бастап бұқаралық шараларға, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелерге тыйым салынды.

Сондай-ақ, кинотеатрлар мен театрлардың жұмысы уақытша тоқтайды. Ал  мектеп оқушылары 21 наурыздан емес, 16 наурыздан бастап демалысқа шығады.

Президент Наурыз мерекесіне арналған шараларды және әскери парадты өткізбеу жөнінде тапсырма берді.



sputniknews.kz