Коронавирус жұқтырған Есік қаласының тұрғыны үйлену тойында болғаны анықталды

0

Әйел Өзбекстанда он төрт туысымен бірге үйлену тойында болған, қазіргі уақытта олардың барлығы оқшауланды

ТАЛДЫҚОРҒАН, 30 наурыз – Sputnik. Алматы облысында коронавирус жұқтырған екі тұрғынға қатысты ақпарат жарияланды.

Әкімдіктің мәліметінше, індет Қарасай ауданы Кемертоған ауылының 41 жастағы тұрғынынан табылған. Әйел аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Онымен қарым-қатынас жасаған жасаған сегіз адам, оның ішінде науқастың жұбайы мен баласы да оқшауланды.

Екінші дерек Еңбекшіқазақ ауданында тіркелді, 60 жастағы Есік қаласының тұрғыны коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталды. Әйел жақында 14 туысымен бірге Өзбекстаннан үйлену тойынан оралған. 27 наурызда келгендердің барлығы оқшауланды.

30 наурыздағы мәлімет бойынша Алматы облысында індетке алты адам шалдықты.

Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 284 адамға жетті.



sputniknews.kz