Коронавирус жұқтырған екі жастағы баланың жағдайы нашарлады

0

2018 жылы туған бала жөтеліп жатыр, жағдайы орташа ауыр. Рентген арқылы оң жақ өкпесі қабынғаны анықталды

АЛМАТЫ, 20 наурыз – Sputnik. Алматыда ағзасынан коронавирус табылған екі жасар баланың жағдайы нашарлады. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін денсаулық сақтау басқармасы қаладағы 20 науқастың жағдайы тұрақты, екі науқастың жағдайы орташа екенін хабарлады.

«2018 жылы туған бала жөтеліп жатыр, жағдайы орташа ауыр. Рентген арқылы оң жақ өкпесі қабынғаны анықталды. Ал денсаулығы орташа деп бағаланған тағы бір науқастың жағдайы тұрақты, денсаулығы нашарлап жатқан жоқ»,- деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Набира Есенова.

Бүгін Алматыда үш адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Арасында Берлин-Алматы чартерлік рейсінің бортсерігі бар. Ол 12 наурыздан бастап жұқпалы аурулар ауруханасында карантинде болған.

«Екінші науқас – 1997 жылы туған ер адам. Ол 19 наурызда түнде Париж – Минск – Алматы рейсімен ұшып келді. Провизорлық ауруханаға карантинге жатқызылды. Бүгін қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды. Үшінші науқас – Алматы қаласының тұрғыны, ол шетелден келген адамдармен байланыста болған. Құрғақ жөтел, тамақтың қырылдауы, кеуде тұсының ауыруы, құлақтың бітелуі сияқты вирус белгілеріне байланысты 18 наурызда одан COVID-19-ға сынама алынды. Нәтижесі оң болып, науқас дереу стационарға оқшауланды», — деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды.

Оқи отырыңыз: Денсаулық министрлігі Қарағандыда кімдер коронавирус жұқтырғанын айтып берді 

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың  саны 49 адамға жетті. 25 адам Нұр-Сұлтанда, 22 адам Алматыда және екі адам Қарағандыда тіркелді.

Алматыда провизорлық карантинде 696 адам, үй карантинінде 1108 адам жатыр.



sputniknews.kz