Коронавирус жұқтырған бұрынғы вице-министр кіммен қарым-қатынас жасады — Қазақстан жаңалықтары

0

Коронавирус жұқтырған бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыровтың кім байланысқандығы белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанда денсаулық сақтау вице-министрі тағайындалды

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп қазіргі таңда эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатқанын айтып, соңғы уақытта бұрынғы вице-министр барған орындарды атады.

«Біз қазір байланыстарды анықтаймыз: жақындарын, ықтимал адамдарды. Ол Алматы әкімдігі жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб мүшелерімен кездесті. Сондай-ақ, ол аймақтық коммуникация қызметіне барып, сөз сөйледі. Енді барлығын COVID-19-ға тексеретін боламыз», — деді Ахметшәріп.

Айтуынша, Надыров Нұр-Сұлтандағы көп бейінді клиникалық ауруханаға жатқызылған.

«Диагноз кеше түнде расталды, өзіміз де күтпедік. Бүгін ол Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ретінде селекторлық кеңесте сөз сөйлеуі тиіс еді. Енді бәрі кейінге қалдырылды. Надыров коронавирус жұқтырған науқастар жатқан көп бейінді клиникалық ауруханаға жатқызылды. Әзірге анық ешнәрсе айта алмаймын», — деді ДСМ-нің ресми өкілі.

Сондай-ақ, Диас Ахметшәріп бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі өзін қалай сезінетінін айтты.

«Кеше түстен кейін ғана онымен сөйлестім, ол аздап жөтелді. Бірақ ол оған дейін де жөтеліп жүрді, біз ЖРВИ бар деп ойладық, өйткені ол сынама тапсырған (коронавирусқа) кезде нәтижесі теріс болды», — деді Диас Ахметшәріп.

Бұған дейін кеше ғана денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылған Камалжан Надыровтан коронавирус анықталғаны хабарланды.

stan.kz