Коронавирус жұқтырған адаммен бірге келген 14 жолаушы басқа өңірге кетіп қалған

0
12

Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Миланнан келгендер қай қалаларға кетіп қалғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 14 наурыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанда шетелден келген екі қазақстандықтан коронавирус табылды. Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова бірінші науқаспен бірге ұшақта болған азаматтар туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, Миланнан ұшып келген бортта науқастан бөлек 89 адам болған. Олардың ішінде 42 адам – Қазақстан азаматы, 42 адам – Ресей азаматы. Нидерланды, Австралия, АҚШ, Украина мен Мексикадан бір адамнан болған. Барлығымен байланыс орнатылды.

«35 жолаушы Нұр-Сұлтан қаласынан тыс жерге шығып үлгерген. Олардың ішінде 21 адам Ресейге кетіп қалған. Ал 14 жолаушы бірден аймақтарға таралып кеткен. Оларды жергілікті жердегі денсаулық сақтау басқармалары бақылауға алды. Соның ішінде Алматы, Атырау, Степногорск пен Қарағанды қаласы бар. Қазіргі кезде оларды стационарға оқшаулау шаралары атқарылып жатыр», – деді Қисықова астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Осылайша, Нұр-Сұлтанда 54 жолаушы қалған. Олардың ішінде 53 адам ауруханаға карантинге жатқызылды. Бір адам дипломат болып шықты.

«Ол – Ресей Федерациясының азаматы. Дипломатиялық рангы бар. Ресей Федерациясының елшілігі нота жіберді. Осыған байланысты ол азамат елшілік аймағында қалды», – деп атап өтті Қисықова.

Оқи отырыңыз: Білім министрлігі балаларды балабақшаға алып бармауды ұсынды 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандардың саны 6 адамға жетті.

Бүгін денсаулық сақтау министрлігі екі адамнан коронавирус табылғанын мәлімдеді. Ал кеше денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов екі қазақстандықтан коронавирус табылғанын жариялаған болатын. Олардың біреуі Қазақстанға 9 наурызда, ал екіншісі 12 наурызда түнде ұшып келген. Артынша Нұр-Сұлтанда коронавирустың алғашқы дерегі тіркелді. Науқас Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға 12 наурызда келген. Кешке қарай төртінші адамнан коронавирус табылды. 76 жастағы азамат Германиядан Алматыға ұшып келген.



sputniknews.kz