Коронавирус жайлы жалған ақпарат таратқан әйел қамалды

0

Жалған ақпаратты мессенджер арқылы әрі қарай таратқан әйелдің туысы да қылмыстық жауапкершілікке тартылады

АЛМАТЫ, 16 наурыз – Sputnik. Солтүстік Қазақстанда коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан әйел ұсталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті хабарлады.

«Ақмола облысының тұрғыны коронавирус жұқтырған науқастардың Нұр-Сұлтаннан Ақкөл қаласына көшіріліп жатқаны туралы хабарлама таратқан. Өз туысына аудио жазба жіберген 48 жастағы Ақкөл қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынды», — делінген ақпаратта.

Сонымен қатар жалған ақпаратты әрі қарай мессенджер арқылы таратқан әйелдің туысы да қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Оқи отырыңыз: Алматыда коронавирус жұқтырған әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда коронавирус жұқтырған әйел санитарлық қызмет жұмысына кедергі келтіріп, ауру жұқтырғаннан кейін кімдермен араласқанын жасырған болатын. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 304-бабы (Санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша іс қозғалды.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалған ақпарат таратқандар жазаланатынын айтқан болатын.

«Сабырлық танытып, жеке гигиенаны сақтау қажет. Арандатушылар жазаланады», — деді президент.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда тоғыз адам коронавирус жұқтырған, екеуі – Нұр-Сұлтан қаласында, жетеуі – Алматыда. 1 641 адам станционарлық карантинге алынды, 981 адам үй жағдайындағы карантинде жатыр.



sputniknews.kz