Коронавирус Қазақстанға әлі жетпеді деген қаншалықты рас: Stan.kz сарапшыдан сұрап білді — Қазақстан жаңалықтары

0

Коронавирус Қазақстанға әлі жетпеді деген қаншалықты рас? Егер коронавирус біздің елге де келген жағдайда, медицина қаншалықты дайын? Коронавирусты жұқтырмау үшін не қолданамыз, неден аулақ жүргеніміз абзал? Осы сұрақтарға Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне «Qmed» ұлттық инновациялық медицина палатасының маманы Әкім Тұрсұн жауап берді.

Әкім Тұрсұн

–    Коронавирус 56 елге тарап үлгерді. Оны жұқтырушылар саны, қаза тауып жатқандар да күн санап өсіп келеді. Бізге көрші болып келетін Ресей, Түркіменстанда да коронавирус табылды. Ал Қазақстанға әлі де жетпеді деген қаншалықты рас?
–    Коронавирус дәл қазіргі уақытта Қазақстанда анықталған жоқ. Министрлік жасырып отырған жоқ па деп сұрап отырсыз. Біріншіден, егер адам осындай нәрсені жасырған болса, ҚР Қылмыстық Кодексі бойынша арнайы бап бар. Мысалы, Қытай неге жасырмайды? Өйткені әлемге қауіп туғызуы мүмкін болғандықтан олар ашық жариялады. Әлемдік Денсаулық сақтау ұйымының комиссиясы құрылды. Күнделікті бақылап отыр. Сол себептен де біздің мемлекет коронавирусты жасыруға негіз жоқ. Біріккен Араб Әмірлігі коронавирус Қазақстаннан да келуі мүмкін деген тұжырым айтты. Өйткені біздің еліміздің Қытаймен қарым-қатынасы тығыз. Сондықтан да бізді жасырып отыр деген күдіктері бар болғандықтан осылай айтты. Бұл жерде бірнәрсені ескеру қажет. Коронавирус басталған кезде халық арасында шу болды. Қазір нақты анализ бар. Қытайда анықталған кезде мұрнынан су аққан кез келген адамды тексеруден өткізді. Қарым-қатынаста болғандарды арнайы эвакуациялады, изоляция жасады. Соның барлығын жалпы көрсеткішкен қосты. Сонда 0.3, 0.5, 0.6 пайызды көрсеткіші аз болды. Ал Иранда ауырған адамдар мен қайтыс болғандардың санын есептесе, ол жерде тоғыз пайызға дейін барып тұр. Осыдан кейін коронавирусты жұқтырушылар саны жоғарылап кетті деп жұрт екінші рет даурығып кетті. 

–    Қазақстанға келу қаупі қаншадықты?
–    Қандай вируспен күресіп жатқанын әлем біледі. Сол себептен тек алгоритм бойынша жүріп жатыр. Қандай науқастарға тексеру жүргізу керектігін нақты біледі. Белгілі бір дәрежеде клиникасы бар. Коронавирусқа әртүрлі болжамдар бар. Суық елдерде коронавирус мамыр айына дейін болады деп жатыр. Күннің көзінен вирус бірден жойылады. Сол себептен де біздің елге оның келу қаупі сейілді деп айтуға болады. Яғни, вирустың дамуына қолайлы орта жоқ. Оңтүстік Корея коронавирус жұқтырушы ретінде қазір Қытайдан кейін екінші орында тұр. 

–    Егер коронавирус болып қалған жағдайда дәрігерлеріміз қаншалықты дайын? Оны емдеуге Қазақстан дәрігерлерінің күші жете ме?
–    Министрлік бұған дайындығын айтып отыр. Коронавирустың штамын анықтайтын Ресей, Қытай елдерінің технологиялары дайын тұр. Керек жағдайда нақты коронавирусты анықтай алады. 

–    Кейбір мәліметтерге сенсек, коронавируспен ауырғандар қайтадан жұқтырып жатқандар бар екен…
–    Ол адам иммунитеті төмендеп кеткенде немесе толық емделмегенде болуы мүмкін. Ал сол вирустың штамымен қайтадан сол ауруды жұқтырды деген логикаға сыйымсыз. Бұл ел ішіндегі даурығудың нәтижесінен пайда болған. 

–    Коронавирусты иммунитеті төмен адамдар жұқтырып алу қаупі бар екен. Иммунитетімізді қалай көтере аламыз?
–    Дұрыс тамақтану керек. Олар ағзаға қажетті заттар. Мысалы, маған күніне 200 гр. ет жеу керек болса, толық кісілерге одан да көп болуы мүмкін. Дәрумендер мен ақуызға бай тағамдар жеу қажет. Су көп ішкен маңызды. Ең бастысы адам дұрыс тамақтанса, оған ауру да жоламайды. Ас тұрған жерде ауру тұрмайды деген сөз бар. Одан бөлек спортпен айналысу керек.

–    Коронавирустан сақтануда дәрігерлер оксолин жақпамайын жағуды ұсынған еді. Алайда, кейбіреулері жақпамай одан ары ушықтыруы мүмкін…
–    Егер сол жақпамайдың бетіне микроб қонса, ол өлмеуі мүмкін. Бірақ бактерияларды өлтіретін антибиотиктер бар. Оксолин майын жаққаннан кейін оның үстіне қонған микробтарды ары қарай ішке кіруге жағдай жасасаңыз, әрине, онда зиян. Сол себептен жақпамайды жаққаннан кейін оның ішке кетпеуін қадағалаңыз. Ал жақпамайға түскен кез келген вирус өледі. Оның тіршілігі жоқ. 

–    Қазір маска киюден де қауіп бар деп жатыр. Бұны қалай түсінуге болады?
–    Үш қабатты маскадан ештеңе өтпейді. Ол сізді аурудан сақтап қалады. Бірақ масканы далада, көшеде жүргенде тағып қажеті жоқ. Өйткені ағзамызға таза ауа керек. Ал автобусқа кіргенде, бір мекеме ішінде болғанда масканы киіп алғаныңыз жөн. Бірақ масканы үш күн, апталап тағуға болмайды. Оны үш сағат сайын ауыстырып отыру керек.

–    Вирустарды ағзамызға қалай жолатпауға болады?
–    Көпшілік жерде маска киіп жүріңіз. Үйді немесе кеңсеңізді жиі желдетіп тұру. Асептикалық заттар қолданыңыз. Біз қазақпыз, қолмен амандасамыз. Егер адамның мұрнынан су ағып тұрса, онда қолмен амандаспаңыз. Өйткені вирус қолда. Ол қол алмасу арқылы жұғады. Көпшілік орында әжетханаға кіргенде есікті қолмен ашпаңыз. Қолыңыз таза болмаса, бетіңізді, аузыңызды ұстамаңыз. Қазіргі кезде нешетүрлі спрейлер бар. Сонымен қолыңызды тазалап отырыңыз.

 

Сұхбат алған: Анар Дәукен

stan.kz