Коронавирус пандемиясы кезінде Тоқаевтың жұмыс кестесі қалай өзгерді?

0
16

Мемлекет басшысы өзге азаматтар секілді карантин режимін сақтап келеді,16 наурыздан бері бірде-бір рет шетелге сапармен шықпаған

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жұмыс кестесін өзгертті. «Казахстанская правдаға» сұхбат берген президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли негізгі өзгерістер туралы айтып берді.

«16 наурызда Қазақстанда төтенше жағдай енгізілген болатын. Соңғы бір айдың ішінде мемлекет басшысы бірде-бір рет шетелге сапармен шықпаған. Дегенмен, сыртқы саясатқа қатысты жұмыс кестесі өте тығыз болды», – дейді Уәли.

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Еуропа кеңесінің президенті Шарль Мишелмен, Ресей президенті Владимир Путинмен, ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен, Израиль президенті Реувен Ривлинмен, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеомен, Қырғызстан президенті  Сооронбай Жээнбековпен (екі рет), Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевпен және Тәжікстанның президенті Эмомали Рахмонмен маңызды келіссөздер жүргізген.

«Бұл – өте қауіпті вирус»: Тоқаев оң нәтижеге жету үшін не істеу керектігін айтты

Бұдан бөлек, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің шұғыл саммиті онлайн режимде өтті. Сол сияқты Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы алғаш рет қашықтан ұйымдастырылды. Бүгінде бірінші кезекте коронавирустың таралуы және пандемияның әлемдік қауымдастыққа тигізіп отырған кері әсері талқыланады.

«Тараптар COVID-19 инфекциясына қарсы күрес саласында өзара ақпарат алмасып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайын талқыға салады. Бүгінгі пандемия жаһандық экономика, қаржы мен халықаралық қатынастарға кері әсерін тигізіп жатыр. Сөз жоқ, бұның барлығы Қазақстанның ұлттық мүддесіне де ықпал етпей тұрмайды. Сондықтан мемлекет басшысы коронавирус пандемиясы кезінде елді дамытудың стратегиялық мақсат-міндеттеріне күш салып келеді», – деп атап көрсетті Уәли.



sputniknews.kz