Коронавирус биологиялық қару ретінде қолдан жасалған ба?
АҚШ барлаушылары «коронавирус биологиялық қару ретінде қолдан жасалуы мүмкін бе?» деген сауалдың нақты жауабын бере алмай отыр, деп хабарлайды ЭК.
Ұлттық барлау директоры кеңсесінің сайтында жарияланған дерекке қарағанда, Құрама Штаттардың барлау қызметінің соңғы баяндамасында бұған күмән келтірген.
«Біз вирус биологиялық қару ретінде әзірленбеген деп есептейміз», — делінген ол баяндамада.
Десе де, онда АҚШ барлау қауымдастығына кіретін ведомстволар арасында ортақ пікір жоқ екені айтылған. Өйткені, кесімді баға беруге дәйектер мен дәлелдер жеткілікті емес. АҚШ барлаушылары «жануардан адамға жұққан» немесе «зертханадан тарап кеткен» деген екі нұсқаны да жоққа шығармайды.
Ақиқатқа жету үшін алғаш індет тараған Қытайдың көмегі керек. Бірақ Бейжің ғылыми зерттеу жүргізуге келіспей отыр. Барлаушылардың пікірінше, Қытай «зерттеу қорытындыларын АҚШ саяси қысым жасауға пайдаланады» деп қорқатын көрінеді.