Коронавирус Беларусь еліне жетті
Бакуден Беларуське барған Иран азаматы коронавирус жұқтырған болып шықты. Студент инфекциялық ауруханаға жатқызылды
НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан – Sputnik. Беларусь елінде коронавирус жұқтырудың алғашқы оқиғасы тіркелді, деп хабарлады елдің денсаулық сақтау министрлігі.
«Республикалық эпидемиология және микробиология ғылыми-практикалық орталығында 27 ақпанда жасалған сынақ нәтижесі Бакуден келген студенттердің бірі коронавирус жұқтырғанын көрсетті. Иран азаматы елге 22 ақпан күні ұшып келген», — деп жазылған ведомствоның ресми сайтында.
Министрліктің мәліметінше, студент және онымен байланыста болғандар Минск инфекциялық ауруханасының жабық орталықтарына жатқызылған. Ал науқастың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде.
Қазіргі кезде ел аумағында коронавирустың таралуына қарсы санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жүргізіліп жатыр.
Коронавирус белең алды
Қытайдағы вирустың жаңа түрі өткен жылдың желтоқсан айында белгілі болды. Ел билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласында (Хубэй провинциясы) белгісіз пневмонияның өршуі туралы хабарлады. ДДҰ індетті халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп танып, оған Covid-19 деген ресми атау берді.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайда коронавирус жұқтырғандар саны 78 824-ке жетті. Оның 36 117-і емделіп, ауруханадан шығарылды. Бұл жалпы көрсеткіштің 45,8%-ін құрайды. Бүгінде ауруханада 39 919 науқас ем қабылдауда.
Сонымен қатар, Жапония, Оңтүстік Корея мен Италияда вирустың тіркелгені хабарланды.
28 ақпандағы деректер бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырған азаматтар жоқ.
sputniknews.kz