«Көрмеген қиындығымыз қалмады»: Алматы облысында он адам 1500 теңгеге күн көріп отыр — Қазақстан жаңалықтары

0

COVID-19 әлемдік пандемиясына байланысты елімізде енгізілген карантиндік режим көпбалалы, жұмыссыз отбасыларға ауыр тиіп отыр. Алматы облысы, Ұзынағаш ауданында тұратын Рина Мырзабай — жеті қыздың анасы. Отағасы жалдамалы қызметкер болғандықтан қазір екеуі де жұмыссыз. Өкіметтен ешқандай жәрдемақы алмайтын отбасы қысылтаяң кезеңде жанымыз қиналып отыр дейді. Stan.kz тілшісі көмекке зәру отбасының айтарын тыңдап, нақты қандай көмек керек екенін сұрап қайтты. 

көмекке мұқтаж

Жеті қызды тәрбиелеп отырған  Рина Мырзабай жомарт жандардың қамқорлығына мұқтаж екенін айтады. Үлкен қызы — 21 жаста, ең кішісі — 2-де. Екінші қызы — тұрмыста, төрт қызы мектепке барады. Күйеуі жалдамалы жұмысшы, отбасын бағу үшін табылған жұмысты істеуге мәжбүр. Ринаның айтуынша, карантинге байланысты жұмысы тоқтап қалған. Ал Ринаның өзі кішкентайы дүниеге келген соң жұмыссыз үйде отырғанына 2-3 жыл болып қалғанын айтады.

«Мен бұрын әскери  бөлімшеде аспазшы болып жұмыс істеген едім. Қазір екі-үш жыл болып қалды кішкентайыммен үйде отырмын. Күйеуім де жұмыссыз.  Жұмыссыз қалғандықтан азық-түлік алу қиын болып тұр», — деген Рина бір кездері пәтерден пәтерге көшіп жүргенін, балаларына төленетін жәрдемақыны жырымшылап жүріп, баспанаға қол жеткізгенін айтады. Бірақ күйеуінің жүз мың теңге алған несиесі бар екен. Соны төлеу үшін үйдің құжаттарын кепілдікке қойып, төлей алмай отырғанын айтады. Осы мәселені шешіп беруге көмектесетін адам болса екен деп тілейді. Өзі төлейін десе, балалардың жейтін тамағы мен киетін киімінен артылмайтынын айтып көңілі босады.  

«Осыған дейін 21 мың теңгенің жәрдемақысы шыққанда төрт ай алдым. Одан кейін тоқтатып тастады. Елордадағы «Нұротанға», Ұзынағаш аудандық «Нұротан» партиясына өтініш жаздым, көмек беріледі деді. Бірақ ешқандай көмек болмады», — деп шағымын жеткізген көпбалалы ана қазіргі таңда үлкен қызының дүкенде істеп, күніне табатын 1500 теңгесіне қарап отырғандарын айтады. 

көмекке мұқтаж

«Шынымды айтсам қыздарым да ел сияқты киінбейді. Бай-бағланның қыздары бір киіп тастаған киімдерін кигізіп шығамын. Былтыр қыркүйекте киім таппай, біреудің киіп тастаған киімдерімен жібердім. Қыста аяқ киімдері болмай қалып, жұрттың киімін киіп шықты қыздарым», — деген Рина қыздары оқып жүрген мектеп басшылығы көмектесеміз деген сөзінде тұрмайтынын айтты. Мектептің апайларымен талай қырық пышақ болып жүрдім. «Мен үшін таптың ба баланы, баға алмасаң неге туасың» деп сөз естісем де берілетін көмекті талап етіп бардым», — дейді Рина Мырзабай.

«Алтыншы сыныпта оқитын қызымның аяқ киімінің жыртылып жүргенін апайы көріп, жаны ашыған болуы керек, қыста аяқ киім алып беріпті. Ол кісіге рахметім шексіз. Нанға ақша таппай қалған кезде 1000 теңгесін болсын беріп тұрады. Анда-санда азық-түлік алыңыздар деп қарайласады», —  деген Рина жәрдемақыны үш-төрт баласы барлар да алып жатқанын айтып налыды. 

«Менің жан даусымды еститін ешкім жоқ. Әкімдігіне барып табалдырығын тоздырдым. Көрмеген қиындығым қалмады», — деген Рина Мырзабай ендігі қолы жомарт кісілерден қысылтаяңда қол ұшын созып, қамқорлық танытуын сұрап отыр. 

 

Stan.kz редакциясы Гүлмира Бейсебаеваның отбасына көмек қолын созамын деуші жаны жомарт жандарға реквизиттерін ұсынады: 

Kaspi Gold номері: 8 702 107 24 68 — Рина Мырзабай.

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

stan.kz