Көрме мен музыканы тоғыстырған шара өтті
Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен өткен көрме үш бөлімге топтастырылған. Онда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорынан 60-тан астам жәдігер қойылды.
Көрменің бірінші бөлімінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1985 жылы Қазақ ССР Министрлер кабинетінің басшысы, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті тұсындағы, бауырлас Түркия Республикасының Президенттері Тұрғыт Озал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезар, Абдулла Гүл, Реджеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Республикасының тұңғыш Президенті И.Каримовпен, 2018 жылғы Түркістандағы ресми сапарларынан сыр шертетін фотосуреттері экспозициядан орын алды.
Көрменің екінші бөлімі әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналды. Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары ХVІІІ ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба және баспа нұсқалары, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Насабнама» шежіресі секілді көптеген еңбегі қойылды.
Көрменің үшінші бөлімінде Түркістан өңіріндегі киелі орындар мен тарихи ескерткіштер жайында фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, «Астана» концерт залында тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауидің хикметтеріне қалам тартқан елге белгілі ағайынды композиторлар Серікжан және Әліби Әбдінұровтардың «Әзірет қонған Түркістан» концерті өтті.
Айтулы кешке Астана қаласы мемлекеттік филармониясының академиялық симфониялық оркестрі, камералық хоры, жеке орындаушылар және Павлодар қаласынан арнайы келген вокалдық квинтет (әншілер тобы) қатысты.
Кеште Қ.А.Ясауидің хикметтеріне жазылған көптеген шығармалар орындалды. Олардың қатарында дәстүрлі әншілердің – «Расулдың ризалығы», «Салауат», «Аш, ей момын көзіңді» шығармалары, қылқобызбен – «Диуани хикмет», баянмен – «Арыстанбаб», скрипка аспаптарымен – «Күй-толғау», ақын және симфониялық оркестрмен – «Қожа Ахмет Ясауи» шығармалары орындалды.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директоры Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Алтай мен Атыраудың арасын, Ертіс пен Есілдің жағасын мекендеп, Қаратаудан Ұлытауға дейінгі Ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың ұлылығына, бабаларымыздың батырлығына ел тағы да бір мәрте қанықты. Ұлы даланың ұлы есімдерін халық жадында мәңгі сақтау арқылы ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін халық санасында жаңғыртып қана қоймай, түбі бір түркі дүниесі рухани тарихының жаңа беттерін тануға жол ашылды деуге толық негіз бар.
– Биыл қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойы. Осыған орай, бірнеше шаралар ұйымдастырылды. Алғаш рет Түркия, Грекия, Ресейдің Сочи қалаларында көрме ұйымдастырып, Қазақстанның киелі жерлерін, ұлыларымызды және туристік аймақтарымызды таныстырдық. Басты мақсатымыз – еліміздің, оның ішінде Түркістанның туризмін дамыту және оған шетелдіктерді тарту. Ал тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін кәсіби музыка тілімен насихаттаудың басты себебі – соңында қалған телегей-теңіз рухани мұрасын жұртшылыққа қазіргі музыка стилімен жеткізу. Бұл бастамамызға ТҮРКСОЙ ұйымы қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта осы жобаны ары қарай дамытып, Қ.А.Ясауидің хикметтерін өзге елдің тілдеріне аударып, шет мемлекеттерде концерт ұйымдастыру жоспарда бар, – деді қорық-музейінің директоры.
Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан»