КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТІҢ ӨЗІНЕ ЛАЙЫҚ ҚҰНЫ БОЛУЫ ТИІС

0
98

Еліміз егемендік алған жылдары  барлық күш-жігеріміздің экономика саласын өркендетуге бағытталғанын жұрт жақсы біледі.  Өйткені, жан-жағымыздағы мемлекеттердің бәрінде әлеуметтік ахуалдың қиындауы себебінен өрт тұтанып жатқан өліарада экономикалық ахуалымызды түзеудің маңызы зор болды. Бұл бағыттағы саясатымыздың дұрыс жүргізілгенін ұлы мәртебелі  уақыттың өзі дәлелдеп берді. Мемлекетіміздің ұстамды саясаты, халқымыздың ынтымағы мен бірлігі, келер күннен күдерін үзбеген үміті, сабырлылығының арқасында бүгінгі ұрпақ жемісін көріп отырған жеңістерімізге қол жеткіздік. Енді міне, ес жиып, етегімізді жауып, экономикамыз өркендей бастаған шақта  рухани мәселеге көңіл бөлуіміздің стратегиялық маңызы зор. Міне сондықтан да соңғы жылдары Елбасының тапсырмасын орындап, шығармашылық саласының өкілдерін қолдау мақсатында Үкімет қолынан келгенін аянып жатқан жоқ. Әрине, тәуелсіздіктің елең-алаңында шығармашыл тұлғаларды қолдап, рухани мұрасын бағалаудың мүмкіндігі болған жоқ.  Соның салдарынан жазушылар, ақындар, суретшілер мен музыканттар, яғни өнерге жақын, шығармашылық адамдары өте қиын жағдайды басынан кешті. Тіпті Үкіметтің мемлекет тапсырыспен кітаптарын шығарып бергендеріне дән риза болып келді. Тәубе, бүгінгі таңда жағдай түбегейлі өзгерді. Оң өзгерістер өз нәтижесін беріп жатыр.  

Бірнеше жылдан бері Мәде­ниет және спорт министрлігі мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптарды сатып алады. Соған сәйкес, қаламақы төлене бастады. Көлемі де аз емес. Құдай қаласа биылғы жылы да жаз­ған туындылары мемлекеттік тапсырыспен шыққан қаламгерлер тиесілі қаламақыларын алады. Сеңнің қозғалып, жақсы үрдіс­тің басталуына Мемлекет басшы­сы­ның «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» мақаласы түрткі болға­н­ы айдай ақиқат. Себебі, осы стра­тегиялық маңызы зор мақала жарық көргелі бері нақты істер орын­далып, рухани салаға шын көңіл бөліне бастады.
Сонымен бірге, ақын-жазушы­ларға қолдау білдіретін бірқатар жоба қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Тәуелсіздік алған­нан бері әдебиет тарихында болмаған бірегей жоба – «Ұлы дала» республикалық байқауы. Мұндай маңызды жобаны іске асыруға бел буған «Нұр Отан» партиясына руханият саласының өкілдері дән риза деген сенімдемін. «Нұр Отан» партиясы Президенттің саясатын қолдайтын, стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырушы еліміздегі бірден-бір жетекші саяси күш екені баршаға мәлім. Партияның бұрын да қолынан келгенше шығар­машылық адамда­рына қол­дау көрсетіп, руханиятты, ұлт­тық өнерімізді, мәдениетімізді дамытуға айрықша көңіл бөліп келгенін жұрт жақсы біледі. Қазақ халқының біртуар азаматы, көркем ой әлемінің мэтрі, ғажайып сыншы, көптеген кітаптардың авторы, қайраткерлігімен де елге сыйлы болған марқұм Сағат Әшімбаевтың ұлы Мәулен Сағатханұлы басшылық қызметке келгеннен бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жұмысы партияда бұрынғыдан да қатты қарқын ала түсті.
Негізі әдебиетті дамытып, өрке­ниетті ел болуға бел буған болсақ, бірін­ші кезекте жастарды қолдау қажет. Себебі, қаржылай көмек ең алдымен, әдебиетіміздің келешегі – жастарға ауадай қажет. Осыны ескеріп, партия бұл байқауға 18-40 жас аралығындағы жастар қатысады деген шарт қойып отыр. Бізде орта буын өкілдері деп елуден асқандар саналады. Олардың түрлі сыйлықтар алып, материалдық жағдайын түзеуге мол мүмкіндігі болды. Ендігі уақытта материалдық игіліктердің бәрін де аға буын ала бермей, жалын­дап тұрған жастардың да оның шара­патын көргені абзал. «Ұлы дала» байқауының басты ерекшелігі – осы. Өз басым, республикалық, облыстық не болмаса тіпті аудандық деңгейде өткізілетін додаларда жастардың жүлде алып жатқанын аса көп көрмеймін. Осыған қарап, бізде орда бұзар жалынды жас­тар жоқ десек, қалай? Шын мәнін­де мықты жастар бар. Тек олар­ға қолдау қажет. Сонымен бірге, оларға өздерін көрсетіп, шы­ғар­машылық әлеуетін таны­туға мүмкіндік те берілгені дұрыс.
Енді байқауға қатысушылар­дың жасына байланысты толы­ғы­рақ тоқтала кетейін. Неге осы жас аралығы таңдалды? Себебі, 18-40 жастағылар шығар­ма­шылыққа әбден бет бұрып, шабыттанып, жалындап тұрады. Мұндай үлкен көлемдегі байқау өтіп жатқанын естіген соң әркімнің оған таласының бар екені тағы да шындық. Байқауда бақ сынайтындардың қарасы көп болады деп пайымдаймын. Сол көпшіліктің ішінде көзге түсіп жүргендер де, бұрын-соңды ешкім білмей келген, тасада қалған таланттар да табылып қалуы ықтимал. Байқаудың арқасында елге белгісіз жас талант­тардың әп-сәтте танымал болып кетуі де ғажап емес. Олай болса, бұл байқауды әдебиеттің өркендеуіне себеп бола алатын фактор деуге толық негіз бар.
Шығармашылық адамдар­дың ішінде жарнамаға құмар­лары да, керісінше ондайдан бойын алыс ұстайтындары да кездесіп жа­тады. Байқаудың мақсаты – өзін-өзі насихаттауға аса құлықты емес талантты жастарға қолдау көрсетіп, оларды елге таныту. Қалай десек те, бас жүлде алатын адамға бір жарым миллион теңге шабыт сыйлап, келешекте шығармашылықпен еркін айналысуына мүмкіндік туғызады. Күнделікті материалдық шығын жайлы бас қатырмай, белгілі бір деңгейде қаржылық тәуелдіктен құтылады. Толығымен шығармашылыққа «сүңгіп» кетуіне жағдайы болады.
Қатысушылардың жұмыстары 2018 жылдың 28 қарашасы мен 2019 жылдың 15 қаңтары аралығын­да қабылданады. Уақытты аса соза берген де жөн емес. Қазіргі кезде партия поштасына көптеген шығармалар келіп түсті. Бүгінде сұрыптау жүргізіліп жатыр. Комис­сия мүшелері де – сөз өнері­­нің қадірі мен қасиетін тамыршыдай тап басатын беделді тұлғалар. Жүлдеге кімдердің лайық екенін солар анықтайды. Партия тарапынан қолқа салу деген атымен болмайды. Ал келесі жылға қалдыра берсек, іс бітпей, созыла береді. Оның үстіне жастар жылының алдында партияның осындай байқауға бастамашы болуынан басқа мекемелер үлгі алатыны сөзсіз. Сонымен бірге, партия жастарға мынадай тақырыпты жазыңдар деп қандай да бір шарт қойып жатқан жоқ. Еркін шығармашылыққа жол беріп отыр.
Негізінен мұндай байқаулар көп болуы керек, тек билік пар­тия­сы қолдағандықтан, кере­мет-керемет ұлы туындылар жазы­­ла бастайды деген ойдан аулақпын. Қазір қолына қалам ұстаған қауымның қандай да бір шығармасы үшін газет-журналдар қаламақы төлемейді. Көптеген интер­нет сайттар да қаламақы төлей алмайды. Негізінде қала­мақы кез келген туындыға төленуі тиіс. Мысалы, Совет заманында егер теледидардан бір сұхбат бер­сең, ертесіне қаламақың үйі­ңе келіп тұратын. Оның бәрі қатаң бақылауда болатын, еңбек баға­ланатын. Кейін осы жүйе жойыл­ды да, баспасөзге шыққан туын­дыға қаламақы мүлде төленбейтін болып кетті.
Журналистиканы айтпаған­ның өзінде, көркем әдебиеттің өзіне лайық құны болуы тиіс. Бір әңгімені жазу үшін шығарма­шы­лық адамы бір ай бойы немесе одан да ұзақ уақыт барлық күш-қуа­тын сарқып жұмыс істеуі ықти­мал. Ол – еңбек. Ал кез келген еңбектің бағаланғаны дұрыс. Бұрын-соңды «Ұлы дала» секілді жастар шығармашылығын қолдауға бағытталған байқаулар болған жоқ. Байқау талаптарына сай жазылған шығармалар әде­биетке тың серпін әкеле қоймас. Алайда еңбек бағаланып, жеңімпаз туындыны іздейтін оқушылардың қарасын көбейтеді деп айтуға толық негіз бар.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын «Рухани жаңғырудың» заңды жалғасы деп түсінемін. Бұл рухани әлемімізге соны серпін береді деп ойлаймын. Өйткені осы кезге дейін өзімізді көшпенді ретінде ғана танып, қор сезініп келдік. Мал ғана бақ­қан елміз деп мақтандық. Дұрыс, мал да бақтық. Өркениет көшін бастаған ұлы түркі әлемі біздің ата-бабаларымызға тиселі екенін, мыс балқытып, темір қорытқан ұлыстың заңды жалғасы екенімізді, ежелден толыққанды ұлт екенімізді көрсету мақсатында Елбасы тарапынан үлкен страте­гиялық дүние жасалып жатыр. Бұл – үлкен бастама, «Нұр Отан» партиясы мұны қолдайды, осы тарапта іргелі жұмыстар атқаратын болады.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Сағатханұлы халықтың рухани әлемін биікке көтеруге қандай дүниелер жасай аламыз деп, жақсы-жақсы тың идеяларды қолға алып жатыр. Сондықтан бұл бастама жүйелі түрде, концептуалдық негізде жоспарланып, қазақ руханиятын әлемдік деңгейде көтеруге себепкер болатын үлкен жобаларға жол ашады деп ойлаймын. Шынымен «Рухани жаңғыру» мәселесін даңғаза, дақпыртқа айналдырып алған мекемелер де жоқ емес. «Рухани жаңғыру» дегенді алаулатып, жалаулатып, айқайлатып әкетіп жатқан әкімдер де баршылық. Сонымен бірге, Елбасының рухани өмірімізге серпін берген бастамасының мәнін дұрыс түсінген әкімдеріміз де жоқ емес. Берілген мүмкіндікті пайдаланып, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың шығар­ма­шыл тұлғаларды қолдап жатқан игілікті істерін ерекше атап өткім келеді.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазан айында Мәулен Сағатхан­ұлы бастамашы болып «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, шығармашылық кешім үлкен деңгейде, республика көлемінде кеңінен аталып өтті. Халықтың ыстық ықыласын көрдім, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы шақырып, шығар­ма­шы­лық кешімді өткізіп берді. Нұрлан Ноғаев тек менің ғана кешімді өткізіп жатқан жоқ, ол қазақтың қандай талантты ақын-жазушысы, сыншысы, суретшісі бар, бәрін Атырауға шақырып, кешін ұйымдастырып, қолдау көрсетіп, моральдық демеу білді­ріп жатыр. Таласатыны жоқ, Нұрлан Ноғаев секілді басшылары бар халық әрине, бақытты. Яғни, Атырау облысы Рухани жаң­ғы­рудың маңызын, мақсат-мін­де­­тін, мұратын дұрыс ұқты. Сана­сын­да сәулесі бар Ноғаевтай аза­­маттарымыздың арқасында қазақ­тығымызды сақтап отырмыз.
Елбасының стратегиялық мақ­саттағы бағдарламаларының маңызын алдымен әкімдер түсінуі тиіс. Әр әкімнің өресі мен ұлтқа деген махаббаты, құрметі осындай ұлы істерде танылады. Мысалы, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қандай керемет рухани дүниелерді қолға алып, іске асырып жатыр. Сондықтан басқа облыс басшылары да са­насы сергек әкімдерден үлгі алуы тиіс. Рухани тұрғыда халықтың әлеуетін көтеруге, қазақ қан­дай халық еді дегенді әлем наза­рына жеткізуді мақсат етуі керек. «Рухани жаңғыру» да, «Ұлы дала­ның жеті қыры» да — ешқан­дай нау­қандық шара емес, бұл кәдім­гі стратегиялық тұрғыда жасалып жатқан Қазақстанды бүкіл әлемге таны­туға бағытталған ауқымды жоба.
Жасыратыны жоқ, кейбір ресми мекемелердің «Рухани жаң­ғы­рудың» өте маңызды, еліміз­дің жаңа сапалық деңгейге көтері­луіне серпін беретін стра­те­гия­лық бағдарлама екенін әлі жете түсінбей, оны тек ұрандатып, науқаншылыққа айналдырып жібергенін мойындауға тура келеді. Ал мұндай ауқымды істі науқаншылдыққа айналдыруға әсте болмайды.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,
сыншы, халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Дереккөз: Айқын