Кореяда жұмысқа тұрғызуға уәде берген алматылық әйел ұсталды

0
Кореяда жұмысқа тұрғызуға уәде берген алматылық әйел ұсталды


Алаяқ әйелге алданып қалғандардың бірі бір жарым миллион теңгесінен айырылған.

Алматы полициясы 29 жастағы алаяқ әйелді ұстады. Ол жәбірленушілерді Оңтүстік Кореяда жалақысы жоғары жұмыс тауып беремін деп алдап, ақшасын алып, ізін жасырып отырған. Диана Құрманованың қанша қазақстандықты сан соқтырып кеткенін полиция әзірге нақты айта алмайды. Тергеу барысында әлі талай жәбірленушілер табылуы ғажап емес. Ал қу әйелдің алаяқтық схемасын бүге-шігесіне дейін зерттепті.

Белгілі болғандай, әйел адам «клиенттерін» жарнама сайттарынан, оның ішінде Оlx.kz-тен тауып отырған. Оңтүстік Кореяда жоғары жалақы төлейтін жұмысқа тұрғысы келетіндер жетіп артылады екен. Кездесуге алаяқ әйел жарнама материалдарын, журналдар мен фотосуреттер алып келіп, адамдардың іші-бауырына кіріп, әбден сендіреді.

«Бір күндік жұмыс үшін 80 доллар жалақы алуға қызыққан жәбірленушілер бұрынғы қызметтерінен кетіп, алаяқ әйелге құжаттарды ресімдеп, «қиялдағы» жұмысқа тұру үшін қажетті соманы тауып берген. Ақшаны алған бойда Құрманова телефонын сөндіріп, ұшты-күйлі жоқ болады. Сондай жайттардың бірінде ол клиентінен 1 миллион 400 мың теңге алыпты», — деп мәлімет берді Алматы қаласы Медеу ауданының полиция басқармасы басшысы Болат Тотыбаев.

Ал шындығында ұсталған әйел Оңтүстік Кореяда ешқашан болмапты, жұмысқа орналастыру фирмаларында да қызмет етпеген. Құқық қорғау органдарына Диана Құрмановаға бірнеше шағым түскенін ескере отырып, полиция жәбірленушілер саны бұдан да көп болуы мүмкін деп пайымдайды. Сондықтан алаяқтың қылмыстық әрекетінен зардап шеккендер келесі нөмірлер бойынша Медеу аудандық полициясына хабарласа алады: +7 (727) 254 48 02, +7 702 619 99 97 немесе 102.

Дереккөз: sputniknews.kz