Корея қазақстандық студенттерге қосымша гранттар бөледі

0
17 Қараша 2018, 17:56 391 0

Астана, BAQ.KZ. Сеулде мәдени ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Корея комиссиясының үшінші мәжілісі өтті, деп жазды 24.kz

Бұл үкіметаралық органды құру туралы құжатқа қос елдің басшылары 1995 жылы қол қойған болатын. Комиссия құрамына екі елдің мәдениет пен спорт, білім және сыртқы істер министрліктерінің өкілдері кіреді.

Мәжіліс барысында Оңтүстік Кореяда білім алатын қазақстандықтар үшін гранттар санын арттыру туралы келісім жасалды. Сондай-ақ тараптар мәдени ынтымақтастығын одан әрі ұлғайтуға келіскен.

Атап айтқанда, келесі жылы Қазақстанның бірнеше мұражайы Кореяға өз экспонаттарын апарады. Ал елімізге кореялық археологтар экспедициямен келеді. Сонымен қатар Корея мамандары мұрағаттарды цифрландыру бойынша өз тәжірибесімен бөліседі.

Қазіргі кезде Оңтүстік Кореяда бір мың алты жүзден астам қазақстандық білім алып жүр. Келесі жылдан бастап Корея Республикасы хореография, арт-менеджмент, реставрация және өзге де мамандықтар бойынша қазақстандықтарға қосымша гранттар бөледі.

«Корея тарапымен жоғары білім саласында, әсіресе осы біздің мәдени саладағы жоғарғы оқу орындарымыз бойынша студенттермен алмасу. Қосымша грант бөлу бойынша келісімге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта Корея Республикасында 1600-ға жуық студентіміз бар. Соның көбісі мәдениет саласында, хореография саласында, арт-менеджмент саласында, бәріміз білетін K-pop менеджменті бойынша тәжірибе алмасып, білім алып отыр», — деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі департаментінің директоры Алмат Сүйінов.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ