Көпшілік Димаш Құдайбергенге ұқсатқан әскери қызметкер: «Мен оның ширегіне де татымаймын»
Димаш Құдайбергеннің “Любовь уставших лебедей” әнін нақышына келтіріп орындаған әскери қызметкер Сәкен Әлімханов Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында өнер жолына қалай келгенін баяндады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Серік Әлімханов 1990 жылы 4 маусымда Қарағанды обылысы Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінде дүниеге келген. 9-сыныптан кейін Тәттімбет атындағы өнер колледжінде «Дәстүрлі ән» мамандығында оқыған.
«Колледждегі ұстазым — Мейірхан Адамбеков. 2010-2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақ ұлттық өнер университетінде «дәстүрлі ән» мамандығында оқыдым. Ол жердегі ұстазым Қайрат Байбосынов болды», — дейді Сәкен Әлімханов.
Ұлының бойындағы өнерге деген қабілетті Сәкеннің анасы Әсем Қайроллақызы байқаған.
“Бала күнімнен әнге өте жақын болдым. Осы қасиетімді сезген анам ән өнерінің жолына өзі жетектеп әкелді», — дейді әскери қызметкер.
Сәкен Әлімхан республикалық Әміре Қашаубаев атындағы конкурстың және халықаралық «Қазақ дауысы» байқауында бас жүлде иеленді. Сондай-ақ «Шабыт» фестивалінде 1-орын алған. Көптеген өнер бәйгесінде бірталай әншіні шаң қаптырған Сәкен Әлімханов өзін Димашқа ұқсатқандарға жауап берді.
«Димаш — мың жылда бір туатын тұлға. Мені онымен салыстыру тым артық. Мен оның ширегіне де татымаймын. Оның таланты мен адамдығының өзі мыңдаған өнер адамдарынан көш ілгері. Димаштың қазақилығы, өзін-өзі ұстауы, өзге ұлтты қазақ тілінде сөйлетуінің өзі неге тұрады», — дейді әскери қызметкер.
Сәкен әлемдік жұлдыз Димаш Құдайбергенмен дуэт айтуға қуана келісетінін жеткізді.
«Егер Димаш өзімен ән орындауға шақырса, әрине бірден келісер едім. Тіпті бақыт деп санар едім», – дейді ол.
Сәкен Әлімханов өткен өміріне еш өкінбейді. Жас кезіне қайта оралса, өмір жолын дәл осылай жалғастырар едім дейді.
«Қолым жетпеген биіктер көп шығар. Бірақ осы өміріме сансыз шүкір етер едім. Әттеген-ай дейтін өкінішім болмапты. Ал арманым — шетелдерге қазақ өнерін дәріптеу, таныту», — дейді талант иесі.
Сәкеннің өнерін жоғары бағалаған әскери мамандар оны өз қатарларына қосыпты. Жауапты саладағы аға буын өкілдерінің қамқорлығы мен дұрыс жолға жетелеген еңбегін Сәкен Әлімханов жоғары бағалайды. Ол 2014 жылдан бастап Астанадағы Ұлттық Ұлан ән-би ансамбілінде қызмет етеді.
Бұған дейін әскери қызметкер Сәкен Әлімхан ерекше дауысымен ән шырқап, көпшілікті таңдай қақтырған болатын.