Көпбалалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге төленеді
27 ақпанда Астанада «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өттіп жатыр. Тәуелсіздік сарайындағы партияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылған жиынды президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп ашты.
Президент республикалық бюджет шығындарының 45 проценті әлеуметтік салаға бағытталатынын, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға қолдауды күшейту туралы айтты. Ол сондай-ақ, көптен бері қоғамда қызу талқыланып жатқан көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы жайлы айтты.
«Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын», — деді президент.
Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан шараға екі мыңға жуық адам қатысып жатыр.
Астанадағы съез болып жатқан тұста Қазақстанның бірқатар аймақтарындағы «Нұр Отан» партиясының кеңсесіне келгендерді полиция ұстап алып кетті.