Көпбалалы отбасыларға тұрғын үй: жалға берілетін пәтердің шаршы метрі

0

Енді заң бойынша көпбалалы отбасылар жеке кезекке тұрады

НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. Сенат депутаттары көпбалалы тұрмысы төмен отбасыларды меншігіне өтпейтін жалға берілетін баспанамен қамтуды көздейтін заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін сенаттың жалпы отырысында кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. Бұл құжатты парламенттің бір топ депутаттары әзірлеген.

Тағы оқыңыз: 1,2 миллион теңге жарнаңыз болса, қалай пәтер алуға болады?

Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісовтің айтуынша, заң жобасына сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй ұғымы енгізілген. Бұл табысы төмен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға мүмкіндік береді.
Заң жобасының маңызды өзгерістерінің бірі – көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығының берілуі.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе «Батыр ана», сондай-ақ, І және ІІ дәрежелі ана даңқы атағын алған көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылар санаты үшін тұрғын үй алуға жеке кезектілік енгізу көзделіп отыр», — деді Өтемісов сенаттың жалпы отырысында.

Сондай-ақ, осы санатқа жататын үміткерлер пәтер алғанға дейін есептен шығарылып тасталмайды.

Мәжілісменнің айтуынша, қазіргі уақытта 31 725 көпбалалы отбасы үй кезегінде тұр.

Тағы оқыңыз: Мемлекеттен баспананы кімдер тегін алады?

«Көпбалалы отбасыларды жалға берілетін баспанамен қамту үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінеді. Нәтижесінде жылына кемінде 6 мың пәтер салынады», — деді Өтемісов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың жалға берілетін баспана үшін көпбалалы отбасы ай сайын шамамен қанша теңге төлеп тұратынын айтты.

«Үйдің бағасы бір шаршы метріне – 115 теңге. Мәселен, 60 шаршы метрлік үй болса, онда айына 6500-7000 теңге төлеп тұрады», — деді ол сенат кулуарында.

Бірақ, вице-министрдің айтуынша, бүкіл республика бойынша баға бірдей емес, ауылдарда бұдан да төмен болуы мүмкін.

Өскенбаев балалардың бірі кәмелет жасқа толып кетсе де, көпбалалы отбасыны жалға берілетін пәтерде ешкім қуып шықпайтынын атап өтті.

Сенат депутаттары аталған заң жобасын қабылдады.

Тағы оқыңыз: Мемлекет жеңілдікпен жалға беретін үйлерге кімдер тұра алады?



sputniknews.kz