Көпбалалы аналармен біреулер ойнап отыр, сыртынан күледі

0

Митингіге шыққан көпбалалы аналар министрліктің мәжіліс залына әкіммен кездесуге келді

НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанның әкімі Алтай Көлгінов көпбалалы аналарды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дәлізінде қабылдауға мәжбүр болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрлік ғимаратында әкіммен кездеспекші болған аналарды ішке бірден кіргізген жоқ. Күзет қызметі балалармен кіргізе алмаймыз деп шықты. Осыдан кейін әкім Алтай Көлгінов дәлізге шығып, әрбір ананың аты-жөні мен телефон нөмірін жазып алуға кірісті. Ал бірнеше адамды жазып алғаннан кейін барлығын мәжіліс залына кіргізуге бұйырды.

Күзет қызметі әкімге бағынбаса да, оның айтқанын орындап, кездесуге келген барлық ананы тексеріссіз өткізді.

Мәжіліс залда әкім көпбалалы аналардың жеке мәліметтерін жазып алуды жалғастырды. Осыдан кейін журналистерге сұқбат берді. БАҚ өкілдері алдымен «Көпбалалы аналармен кездесуге далаға неге шықпадыңыз?» деп сұрады.

«Мәселе көшеде шешілмейді. Біз қазір министрлікпен бірге әрбір анаға қатысты әлеуметтік карта жасап жатырмыз. Бұл жерде негізгі мәселе – тұрғын үй. Оған қатысты тиісті бағдарлама бар. 2 проценттік бағдарлама осы шілде айында басталады. Одан кейінгі мәселе – балабақша. Сосын жұмысқа орналасу мәселесі де бар. Әрбір отбасының өз қиындығы бар. Мемлекет тарапынан да тиісті қолдау шаралары атқарылып жатыр», — деді Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, көпбалалы аналардың біраз мәселесі бар. Осыған байланысты әкімдікте көпбалалы аналарды күнде қабылдап отырады. Бұған дейін бірнеше рет кездесу де өткен.

«Мен осы үш жұмадан бері әр апта сайын кездесіп тұрамын. Бірақ мына кісілердің ішінде келмегендер бар, келгендер де бар. Мен өзім 200-ге жуық анамен кездесіп қойдым. Мына кісілер – жаңа кісілер. Сондықтан құрметті аналардан сұрайтынымыз, тәртіппен, мәдениетпен әкімшілікке келіп, әрбір адамның мәселесін жеке-жеке қарайық. Ал көшеге шығып, балаларға қандай тәрбие береміз? Қазақ анасының рөлі қайда? Сосын сенім болуы керек. Біз айттық па, жасайтын нәрсені жасаймыз. Қолдан келмесе, оны да түсіндіреміз», — деді Көлгінов.

Әкімнің сөзіне қарағанда, көпбалы аналардың чаттарында арандататындар бар.

«Өздерінің ватсап чаттарында біреулер олармен ойнап отыр. SMS жіберіп қояды да, сыртынан күліп отырады. Ал аналар соған сеніп, жүгіріп келеді. Бұндай тәртіппен жұмыс істеуге болмайды. Өткен жолы осы жерде бес сағат отырдық. Бәрін түсіндірдік. Одан кейін тағы бір топ ана келді. Мен қазір дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі мен бейсенбіні белгіледім, жұмыстан кейін жетіге қарай бәрін қабылдаймын. Ал күндіз жұмыс істеу керек», — дейді Көлгінов.

 



sputniknews.kz