«Көп уақыт бөлуім керек еді»(ВИДЕО): Дәулет Тұрлыханов бала тәрбиесінде кеткен кемшіліктер туралы айтты

0

Белгілі палуан, қоғам қайраткері Дәулет Тұрлыханов тележүргізуші Аман Тасығанның Youtube-арнасына берген сұхбатында бала тәрбиесіне қатысты ой қозғады. Ол өз балаларына қалай тәрбие бергеніне тоқталып, олардың спортқа деген қызығушылығы жөнінде айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Спортшылар династиясының өкілі Дәулет Тұрлыханов өз балаларының арасынан қазіргі таңда күреспен айналып жүрген ешкім жоқ екенін алға тартады. «Немерелерден палуандар шықпаса, балалар жеңілдің астымен, ауырдың үстімен өтуге тырысып жүр. Әрине, өкінішті. Өйткені тәлім-тәрбие кезінде мен бірталай уақыт мемлекеттік жұмыста жүрдім, бұқаралық жұмыстар бар. Тәрбие беру кезінде өзімнен кемшіліктер болып қалды. Көп уақыт бөлуім керек еді. Әрине, семіздікті тек қой көтереді деп айтады ғой қазақ. Алысқа бармай-ақ қояйын, өз балаларым қиналғысы келмейді. Спорт деген — еңбек пен тер. Бір күндік емес, бір айлық емес, ол жылдар бойғы еңбек. Жеңістің түбіне жеткізетін сол», — дейді спортшы. Тұрлыханов әкесінен алған тәрбиесін ұл-қыздарының бәріне бірдей бере алмағанын айтады. Осы ретте палуан жас отбасыларға бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлу керек деп кеңесін де берді. «Алты бала бар, төрт ұл, екі қыз. Бірақ бәріне бірдей (әкесі берген тәрбиені — ред.) бере алдым деп айта алмаймын. Үлкен ұлыма мысалы бере алмадым. Өйткені мен таңнан кешке дейін мемлекеттік жұмыста болдым, сегізде кетіп, кешкі тоғызда келіп жүрдім. Кейін ол балам интернатта оқыды. Күресті. Жаттықтырушысына сеніп бергенмін. Ол да мардытып жеткізбеді. Азия чемпионы болып тұрған үлкен ұлым жарақат алып, соған байланысты күресті тастауға мәжбүр болды. Мына өсіп келе жатқан жас ұрпаққа, отбасын құрып жатқан жігіттерге айтатыным — баланы бастан қарау керек. Бала ойыншық емес, дүниеге әкелгеннен кейін оған дұрыс тәрбие беру керек», — дейді ол.