Көп балалы аналар Тоқаевтан педофилдерді қатаң жазалауды талап етті

0

23 шілдеде Нұр-Сұлтанда министрлер үйі алдында бір топ көп балалы ана соңғы кезде Қазақстанда жиілеп кеткен балалардың сексуалды зорлық-зомбылыққа ұшырау оқиғаларына алаңдаушылық білдірді. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан педофилдерге жазаны қатайтуды сұрап, петиция жолдайтындарын айтты. Педофилдерге жазаны күшейтуді талап еткен бұл петицияны өткен аптада Қазақстандағы зорлық-зомбылыққа қарсы Немолчи.kz қоғамдық ұйымы әлеуметтік желіде таратқан.

Министрлер үйі алдына топталған аналарды көріп, полиция өкілдері мен арнайы жасақ да келді. Олар жиналғандарды сырттай бақылап тұрды.

Көп балалы аналар 21 шілдеде Шымкентте үш жасар қыздың өлімінен соң үйлерінде отыра алмағандарын айтты. 21 шілдеде Шымкентте үйінің алдында ойнап жүріп жоғалып кеткен үш жасар қыздың денесі қараусыз гараждан табылған. Қыздың анасы мен әлеуметтік желі қолданушылары бүлдіршіннің зорланғанын айтады. Ал Шымкент қалалық полиция департаменті сараптама қорытындысына сүйеніп, «үш жасар қыздың өз деміне тұншығып қалғанын» мәлімдеді. Департамент қыздың денесінен зорлық-зомбылық белгілерінің табылмағанын айтады.

23 шілдеде министрлер үйіне келген наразы аналар петицияны жаңадан тағайындалған Қазақстандағы балалар омбудсмені Аружан Саин арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстамақ.

— Бізге «саясатпен айналыспа» дейді. Саясат деген бізбіз, саясат деген біздің баламыз. Мен жұмыстан келгенше «балама бірдеңе болып қалмады ма» деп жүрегім дүрсілдеп қорқып отырамын,- дейді министрлер үйіне келген көп балалы ана Алмагүл Құмашева.

Балалар құқығын қорғаушылар соңғы уақытта Қазақстанда балаларға жасалатын сексуалды зорлық-зомбылық сипаттағы оқиғалар көбейіп келе жатқанын айтады.

Алматы әкімдігі жанындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығын дерегінше, елдегі сенім телефоны – 150 нөміріне шамамен 19-25 мың шағым түседі. Оның 200-ге жуығы балалар құқығын бұзуға қатысты, әр 12-қоңырау балаларға қатыгез қарым-қатынас жасау немесе зорлық жасау болып шығады.

Қазақстан бас прокуратурасына қарайтын құқықтық статиска комитетінің мәліметінше, 2017 жылы Қазақстанда 281 бала зорланған.

2016 жылдың көктемінде Қазақстанның сол уақыттағы президенті Нұрсұлтан Назарбаев «балалар құқығын қорғауды жақсартуды» көздейтін бірнеше заңға түзетуге қол қойды. Сондай өзгерістің бірі ретінде 2018 жылдың басынан «педофилдерге химиялық кастрация жасау туралы» заң күшіне енді. Жыл сайын осы мақсатқа бюджеттен 10 миллионға жуық теңге бөлінуі тиіс болған. Бірақ билік елде әзірге кастрация жасалғаны жайлы ресми хабар таратпады.

Azattyq