Көп балалы аналар Сапарбаевқа жәрдемақы алудағы қиындықтарды айтты
24 сәуірде Нұр-Сұлтанда «400-дей көп балалы отбасының атынан келдік» деген үш ана еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болып, жәрдемақыға құжат тапсырарда қиындыққа тап болғандарын айтты.
Министрдің жеке қабылдауына келген аналар үкімет жанынан құрылған жұмыс тобына жиырмадан астам талап-тілек жазылған өтініш хат тапсырды. Олардың арасында мүгедек бала бағып отырған шаңырақтарға берілетін әлеуметтік көмекті көбейту, олардың ем алуына жеңілдік жасау, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 250 мың теңге) жәрдемақы төлеу, оқу грантын бөлу, зейнетке шығу жасын қайта қарау, баспана мәселесін шешу үшін жеке мемлекеттік бағдарлама жасау туралы ұсыныстар бар.
Министрдің қабылдауында болған әйелдердің бірі, жалғызбасты ана Қанағат Шүменованың сөзінше, Сапарбаев сұрақтарға нақты жауап бермеген және көп балалы отбасындағы қариялардың зейнетақысы да ортақ табыс болып есептелетінін айтқан.
— «Зейнетақыны неге отбасының ортақ табысына қосасыздар, зейнеткер өз ақшасын өзіне жұмсауы тиіс қой» деп сұрап едім, министр «зейнеткер де сол үйде тұрады ғой» деп жауап берді. Жоғарғы оқу орындарына грант бөлу мәселесін де айтып едім, оған да нақты жауап ала алмадым. «Үш айдан бері әлі жөнді шешім шығармадыңыздар» деп едім, «мәселені шешіп жатырмыз, анықтап жатырмыз» деп, жалпылама уәде беріп шығарып салды. Ештеңе анық айтылмады. Министр өз пікірінде, мен өзі пікірімде қалдым, — дейді Қанағат Шүменова.
24 сәуір кешкісін Ақорда сайты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев министр Бердібек Сапарбаевты қабылдағанын хабарлады. Сапарбаев президентке «көп балалы отбасыларға көрсетіліп жатқан көмек пен жаңа жұмыс орындарын ашу» жайын баяндаған. Тоқаев министрге жұмыссыздық деңгейін 4,5 пайыздан асырмауды тапсырған.
Көп балалы аналарға берілетін әлеуметтік жәрдемақыны көбейту туралы талап ақпан айында Нұр-Сұлтанда (сол кездегі — Астана) бір отбасының бес баласы өрттен қаза тапқан соң жиі айтыла бастады. Ал 27 ақпанда өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев әр балаға 21 мың теңге төленсін деп, кейін үкіметке көмек сәуірден бастап берілсін деген. Бұл тапсырма негізінде парламент әзірлеген заңға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуірдің басында қол қойған.
Зейнетақының отбасындағы ортақ табысқа қоса есептелетінін бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова да айтқан. Ол «табысты есептеу кезінде «Неке және отбасы туралы» заңға да сүйенеміз, заңда ата-әжелер де жақын адамдар қатарына кіреді» деген.