«Көп ақша қарыз болған»: Шымкенттегі атысқа қатысты тың мәліметтер айтылды – Қазақстан жаңалықтары

0
57

Тоқсаныншы жылғы қарақшылық шабуылдар Қазақстанға қайта оралған сияқты. Шымкентте 28 қазанда кешкісін қас қараймай жатып, атыс болды. Қаруланған белгісіз біреулер баса көктеп кіріп, мейманханада отырған бесеуге қарсы оқ атты. Соның салдарынан біреуі көз жұмып, төртеуі ауыр жаратқаттармен ауруханаға жеткізілген. Айта кету керек, атысқа қатысы барлар жай адам емес сияқты, өйткені полицейлер дәмхана алдында тұрған Toyota 70 және Lexus автокөліктерін де тексеруге алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Шымкенттегі дәмханадағы атыс: Полиция оқиғаға қатысты пікір білдірді

28 қазанда оқ атылып, елдің төбе шашын тік тұрғызған дәмханада қазір мүлкіген тыныштық. Мейманханадан мәйіт шыққанына сескенсе керек, мұндағылар оның алдында адыраспан түтетіп үлгерген. Оқ дәмхананың үшінші кабинкасына атылған: оның терезесінің түгі қалмапты. Ал қанды оқиға кезінде қызмет көрсетіп жүрген дәмхана даяшылары оқиғадан кейін жұмысқа да шықпаған.

Қанды оқиға туралы хабар полицияға сол күнің кешқұрым сағат 17:35-те түскен. Көп ұзамай дәмхана маңын тәртіп сақшылары қоршауға алады. Атыс салдарынан бір адам қаза тауып, тағы төртеуі жараланыпты. Ал оқиға қатысы бар екі бірдей көлікті полицейлер эвакуаторға тиеп алып кеткен.

Дәмхананың иесі бұл жағдай олардың жұмыс орындарына қатысы жоқ екендігін жеткізді. Айтуынша, сол күні келген қонақтардың арасында ақшаға байланысты жанжал орын алған көрінеді.

«Біреуі екіншісіне көп ақша қарыз болған, бәлкім біреуі пайыз бойынша ақша берген. Оқ атқан кісілер келіп, тамаққа тапсырыс та бермепті» – дейді дәмхана иесі.

Жантүршігерлік жағдай 28 жасар жігіттің көз жұмуына әкеп соқты. Қалған төртеуі ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы ауыр болғандықтан бірден ота жасалынған.

«Төрт науқас жедел түрде қарқынды терапия бөлімшесіне алынды. Екі науқасқа шұғыл түрде ота жасалынды. Қазіргі таңда, екі науқас жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары өте ауыр. Бір науқас хирургия бөлімшесінде. Жағдайы орташа ауырлықта. Бір науқасымыз травматология бөлімшесіне орналастырылды», – дед дәрігер маман.

Осы оқиғадан кейін аурухананы полицияның арнайы жасағы күзетіп жүр. Олар жарақатпен жатқан бөлімшелердің есігін торуылдауда. Тәртіп сақшылары бұл іске қатысты екі бірдей баппен қылмыстық іс қозғапты.

Ал, сол маңайдағы жұрт оқиғаны видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялап та үлгерген.

stan.kz