Конституциялық кеңес Тоқаевтың өтінішіне түсініктеме берді

0

Сәуірдің 25-і күні Конституциялық кеңес Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияның 41-бап, 2-бөлігіне түсініктеме беру туралы өтінішіне жауап берді. Бұл бапта президенттіктен үміткерлерге қойылатын талаптар, оның ішінде кандидаттың «соңғы 15 жыл бойы ел аумағында тұруы» жайлы талап жазылған.

«Конституциялық Кеңестің пікірінше, он бес жылдық тұру мерзіміне бірінші кезекте адамның ел аумағында тұрақты тұру уақыты кіреді. Ол әдетте азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелуімен расталады. Сонымен қатар, бұл мерзімге Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналына жататын және оларға теңестірілген Қазақстан мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар жанындағы лауазымдарға тағайындалған азаматтардың Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұру кезеңдері де есептеледі» делінген Конституциялық кеңес сайтында.

«Нұр-Отан» партиясы атынан сайлауға түсетін Қасым-Жомарт Тоқаев 2011-2013 жылдары БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры болған. Конституция бойынша, Қазақстан президенті болып соңғы 15 жыл елде тұрған азамат қана сайлана алады.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Тоқаевтың Конституцияда көрсетілген осы талапқа сәйкес-сәйкес еместігі жайлы мәселе көтерілген. 10 сәуірде Қазақстанның әділет вице-министрі Наталья Пан Қасым-Жомарт Тоқаевтың Женевада қызмет еткені оның президент сайлауына қатысуына кедергі емес деп мәлімдеген.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымға белгіленген.

Azattyq