Конституцияға өзгеріс енгізу. Путин нені ұсынады?
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, құжатты қарау кезінде президенттің Мемлекеттік думадағы өкілдері қызметін Конституцияға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды дайындаған жұмыс тобының төрағалары – Федерация кеңесінің мүшесі Андрей Клишас, Думаның мемлекеттік құрылым мен заңнама жөніндегі комитетінің басшысы Павел Крашенинников, заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының директоры Талия Хабриева атқарады.
Мемлекеттік дума сайтында жарияланған құжатта Конституцияның 22 бабына өзгеріс енгізу қарастырылған деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.
МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕС
Конституцияға биліктің жаңа органы – Мемлекеттік кеңес енгізу ұсынылып отыр. Оның құрамын «мемлекеттік билік органдарының өзара келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз ету, Ресей Федерациясының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағдарын, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын анықтау» мақсатында президент жасақтайды. Мемлекеттік кеңес туралы толығырақ әлі қабылданбаған федералдық заңда жазылмақ.
ҮКІМЕТТІ ЖАСАҚТАУ
Президент ұсынған үкімет төрағасын және премьер-министр ұсынған вице-премьерлер мен министрлерді бекіту құқығы Мемлекеттік думаға берілмек. Бірақ Мемлекеттік дума күш құрылымдары басшыларының кандидатурасын қарай алмайды. Бұл қызметке үміткерлерді Федерация кеңесімен ақылдаса отырып, президент тағайындайды.
Президенттің премьер-министр мен министрлерді орнынан алып тастау құқығы сақталады.
ПРЕЗИДЕНТТІК МЕРЗІМ
Заң жобасында Конституциядағы президенттік мерзімнің рұқсат етілген мөлшері туралы баптан «қатарынан» деген сөзді алып тастау көзделген. Құжатта аталған бап «Бір адам Ресей Федерациясының президенті қызметін екі мерзімнен артық атқара алмайды» деп жазылған. Бұл 2024 жылы президенттік өкілетінің мерзімі аяқталатын Владимир Путин енді ешқашан мемлекет басшысы қызметіне қайта оралмайтынын білдіреді.
ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІК
Конституцияда ең төменгі еңбекақы мөлшері мен зейнетақы индексациясын бекіту ұсынылды. Бұл өзгеріс ең төменгі еңбекақы мөлшері мен зейнетақы құқығы адам құқықтары жөніндегі баптарда жазылғанына қарамастан, рубль мен Орталық банк туралы 75-бапқа енгізілмек. Мұның себебі адам құқықтары жөніндегі баптарды ерекше Конституциялық жиын ғана өзгерте алатынымен байланысты болса керек.
ДЕПУТАТТАР МЕН ЖОҒАРЫ ШЕНДІ ШЕНЕУНІКТЕРГЕ ШЕКТЕУ
Путин уәде бергендей, Мемлекеттік дума депутаттары, Федерация кеңесі мүшелері (енді олар «сенатор» деп аталады), министрлер мен судьяларға жаңа шектеулер енгізіледі. Оларға басқа мемлекеттен азаматтық, тұрғылықты мекенжай анықтамасын немесе Ресей Федерациясы азаматының шетелде тұру құқығын растайтын кез келген басқа құжат алуға болмайды.
Мемлекет басшысына қойылатын талап бұдан да қатаң: Ресей Федерациясы аумағында кемінде 25 жыл тұрған, шетел азаматтығы не шетелде тұрғылықты мекенжай анықтамасы жоқ және бұрын да болмаған азамат қана президент бола алады. Бұл талап «бұрын Ресей Федерациясының құрамына толықтай немесе бір бөлігі қосылған мемлекеттің азаматтығын алғандарға қатысты қолданылмайды». Бұл жерде Қырым туралы сөз болып отырғаны айтпаса да түсінікті.
КОНСТИТУЦИЯ ҮСТЕМДІГІ
Ресейдің негізгі заңы – Конституцияның халықаралық келісімдерден үстемдігі қамтамасыз етіледі. Түсіндірме жазбада «Мемлекеттік тәуелсіздікті қорғау мақсатында мемлекетаралық органдардың халықаралық келісімдер негізінде қабылдап, Конституцияға қайшы келген шешімдері ел аумағында жүзеге аспайды» делінген. Бұл өзгеріс Конституцияның халықаралық келісімдердің үстемдігі туралы 15-бабына емес, 79-бабына енгізілмек.
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТТЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ
Құжатқа сәйкес, Конституциялық сот парламент қабылдаған заңдардың Конституцияға қайшы болмауын тексереді. Конституциялық сот құрамы 11 судьяға дейін қысқарады. Судьяларды Федерация кеңесінің мақұлдауымен президент бекітеді. Өңір прокурорларын тағайындау кезінде де осы тәртіп сақталады.
ЖАЛПЫРЕСЕЙЛІК ДАУЫС БЕРУ
Заң жобасына сәйкес, парламент қабылдауынан кейін құжат «жалпыресейлік дауыс беруге» шығарылады. Заңда мұндай термин жоқ, бұл – референдум емес. Аталған дауыс берудің қашан және қалай ұйымдастырылатыны белгісіз.
- Путин Конституцияны өзгерту туралы ұсынысын қаңтардың 15-і күні жариялаған. РБК дерегінше, жалпыхалықтық дауыс беру сәуірдің 12-cіне белгіленуі мүмкін.