Консервативтік партия басшысы сайлауында Борис Джонсон алда келеді
Ұлыбританияда Консервативтік партия жетекшісін анықтайтын сайлаудың екінші кезеңінде Борис Джонсон алда келеді. Джонсонмен бірге келесі кезеңге тағы төрт кандидат — Тереза Мэй үкіметінің министрлері Джереми Хант, Майкл Гоув, Рори Стюарт және Саджид Джавид өтті.
18 маусымда өткен екінші турда парламенттің қауымдар палатасындағы «Тори» партиясының депутаттары Брекзит ісі бойынша министр болған Доминик Раабаға жеткілікті қолдау көрсетпеді. Келесі кезеңге өтуге қажетті 33 дауысты жинай алмаған Рааба сайлаудан шығып қалды.
Ал 126 дауыс жинаған Джонсон сайлаудың келесі кезеңіне өтті. Финалға жеткенше парламенттегі Тори фракциясына мүше 313 адам ғана дауыс береді.
18 маусымда кешке ВВС телеарнасында бес саясаткердің қатысуымен дебат ұйымдастырылды. Әр үміткер өзгелерге құлақ аспай, өз көзқарасының дұрыс екенін айтумен болды. ВВС шолушысы дебаттан кейін оған қатысқандардан «көңілі қалғанын» айтады. Оның сөзінше, саясаткерлердің ешбірі Брекзит мәселесін шешуде жаңа әрі тиімді жол ұсынбаған.
19-20 маусымда сайлаудың кезекті турлары өтеді. Ең соңында қалған екі кандидатты Консервативтік партия өкілдері дауысқа салады. 160 мың мүшесі бар партия электронды пошта арқылы дауыс береді.
Сайлауда жеңіп шыққан адам Тереза Мэйдің орнына Ұлыбритания премьер-министрі болады. Консервативтік партия жоспары бойынша, партия лидері шілденің соңына қарай анықталуы тиіс деп хабарлайды ВВС.