“Конкурс қалай өткен?» Консерваториядан шу шықты
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан күтпеген жерден шу шықты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Өнер ордасындағы даудың басы – ректорлық лауазым. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына 2023 жылдың қараша айында ғана жоғары жақтан арнайы жеткен басшылық Ректордың уақытша міндетін атқаратын Нүркен Ашировты ұжымға таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тілеп, тағайындап кеткен. Жаңа ректорды консерватория ұстаздары мен студенттері ғана емес, күллі республика жұрты асқан қуанышпен қабылдағанының айғағы әлеуметтік желіде біраз уақыт есіп тұрды.
Алайда, араға бес ай өтпей осы жерге ректорлыққа конкурс өткізіліп, басқа ректор келетіні туралы мәлім болады. Ең жұмбағы – ол конкурсқа Ашировтың қатыстырылмай қалғандығы. Мәселе “бармақ басты, көз қыстымен” шешілді деп есептеген консерваторияның бірқатар профессорлары мен Халық артистері Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың атына Ашық хат та жөнелтіпті.
Арызданушыдар “Конкурс қалай өткен? Неге Аширов қатыстырылмаған?”, “Консерватория – өнердің қара шаңырағы. Ұжым пікірімен неге санаспайды?”, “Жаңадан келетін Г.Тасбергенова кім? Өнер, білім саласында қандай еңбек сіңірген?”, “Н.Аширов сынды азаматтарымызды еш себепсіз қашанғы ысырып тастай береміз?” деген сарында талап-арыздарын жеткізген.
Мүйізі қарағайдай кіл мықтылар шоғырланған, талай ұлылардың табаны тиген консерватория қызметкерлері мен өнер адамдары көпшілікке беймәлім, тәжірибесінде мемлекеттік мекеме басқарып, қызмет барысында өз-өзін әлі еш жерде дәлелдеп үлгермеген маманның осы жерге басшылыққа келе жатқанын естігенде даурыққанын айтады. Жолданған ашық хатта:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы республикамыздағы кәсіби музыка мамандарын дайындайтын бірегей жоғары оқу орны – жалғыз консерватория. Аталған оқу орнының республикамызға ғана емес әлемге танымал талай түлектер шыққанын жақсы білерсіз. КСРО халық артистері Б. Төлегенова, А. Әшімов, Ә. Дінішев, т.б. және ҚР халық артистері Н.Нүсіпжанов, Е. Хасанғалиев, Б. Жылысбаев, Р.Жаманова, Б. Жаманбаев, С. Оразбаев, К.Күмісбеков, С. Мұхамеджанов, Е. Обаев, С.Тыныштығұлова, Ә. Есқалиев, Қ. Ахмедияров, А.Қоразбаев, Т. Жаманқұлов, Қ.Байбосынов, Т. Мұхамеджанов, Д. Жолжақсынов, Т. Теменов, Ғ. Молдакаримова, Т.Шәмелов, Ш. Абилов, А. Үлкенбаева, Р.Стамғазиев, Т. Күзембаев, т.б. жүздеген ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, т.б. академик, докторлар, профессорлар осы шаңырақтың түлектері әрі мақтаныштары. Қазақ елінің музыка мәдениетінің жоғары деңгейде дамуы дәл осы консерваторияның түлектерінің арқасы.
Соңғы 5 жыл консерваторияны басқарған Арман Жүдебаевтың жетекшілігі кезінде халықаралық деңгейде үлкен жетістіктерге жетті. Консерваториямыз 75 жылдық тарихында алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ғимараттарымыз, аудиторияларымыз жаңаша түрленіп, жаңғырып сала берді. Жемісті де жеңісті жұмыстарының нәтижесінде А. Жүдебаев министрлікке шақырту алып, онда да біраз тұшымды шаруалар атқаруға сеп болды. Бірақ белгісіз себеппен осы жылдың ақпан айында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына ректорлыққа ауыстырылды.
Ал, осы кезеңде біздің консерваторияға Ректорміндетін уақытша атқарушы болып Нұркен Нұрғалиұлы Әшіров тағайындалды. Н. Әшіров – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор, дирижер. Аса талантты музыкант, қазақ музыка мәдениетін, әсіресе, домбыра аспабын, күй өнерін әлемнің атақты сахналарында танытқан бірегей талант, еліміздің бренді атанғанбіздің мақтанышымыз! Оның жас та болса қазақ музыка мәдениетінің дамуына қосқан үлесі орасан зор.
Н. Әшіров осы консерваторияда ұстаз, оркестр дирижері, факультет деканы қызметтерін атқарып, өз қазанында қайнаған, әр істің мән-жайына әбден қанық, іштен шыққан кадрымыз. Ол осыған дейінА. Жұбанов атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатының директоры қызметін 2019-2023 жылдары жоғары деңгейде абыроймен атқарған өте білікті басшы. Оның алдында да 2003-2010 жылдары Н. Тілендиев атындағы АФЭО бас концертмейстері, солисті, 2010-2018 ж.ж. А.Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебінің ұстазы әрі бөлім меңгерушісі, қосымша 2011-2018 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисті қызметтерін атқарған білікті маман.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2023 жылдың қараша айында Н. Әшіровты консерваторияға Ректор міндетін уақытша атқаруға тағайындағанда бүкіл ұжым болып қатты қуанған едік.
Алайда, осы жылдың Наурыз айында осы Мәдениет және ақпарат министрлігі Егемен Қазақстан газетінің 13 наурыздағы санына ректорлық қызметке конкурс жариялады, конкурсқа бір ғана (!) кандидат – Гаухар Тасбергеновақатыстырылып, сол кандидат алдағы уақытта ректор болып келмекші екен. Алайда осы конкурсқа Н. Әшіров белгісіз себептерменқатыстырылмай қалған! Оны А. Жұбанов атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатына қайтадан директорлыққа жіберіліп жатыр дегенді естіп жатырмыз.
Биыл консерваториямызға 80 жыл толып отыр. Алда жоспарланған және атқарылар шаруалар күтіп тұр. Бізге осы кезеңде тұрақтылық керек!
Ректордың ауыстырылып жатқанын естіп, біздер – консерватория ұжымының бірқатар профессорлық-оқытушы құрам үнсіз қалуды жөн көрмедік. Жаңадан тағайындалғалы отырған Г.Тасбергенова да біздің консерваторияның түлегі. Былтыр 2023 жылы консерваториядан докторлық диссертация жазып, Философия докторын (PhD) қорғап шықты. Кандидат Г. Тасбергенованың келуіне ешқандай қарсылық білдіріп отырған жоқпыз.
Дегенмен, оның ұжым және мемлекеттік мекемені басқаруда аса тәжірибесі жоқ екенін ескерсек, Н. Әшіровтың осы уақытқа дейін басшылық қызметтерде өз ісіне адал, әділ, талапшыл, жаңашыл, білікті, іскер, мықты маман ретінде әлдеқашан дәлелдегенін ескерсек, бұл кадрлық ротация не үшін қажет болды екен деген көкейімізде үлкен сауал мен күдік туындап отыр?!
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің әрбір бастамаларыңыз бен ұсыныстарыңызды консерватория ұжымы әрдайым аса қызығушылықпен тыңдап, әрі қолдайды. Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құрамыз деп біз де болашаққа зор үмітпен қадам басып келеміз. Сүйікті отанымыз болашақта әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына қосыларына сенеміз және соған өзіміз де бар күш-жігерімізді жұмсап, аянбай қызмет етіп келеміз! Тек кейде ел мен билік арасындағы осындай түсініспеушілік, келеңсіздіксалдары халықтың, біз сияқты қарапайым елдің сеніміне селкеу түсіріп, Сізге, Сіз басқарған, тағайындаған Үкіметке, Үкімет мүшелеріне деген сенімін жоғалтып ала ма деп те ойлаймыз.
Бұл хатты жазудағы сауалымыз:
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақ өнерінің музыка қара шаңырағы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ұжымының атынан Сізге біздің мекеменің тағдырын тәлкекке түсірмеуге тікелей назар аударуыңызды сұраймыз! Еліміз іші даудан, сырты жаудан аман болсын!