Конъюнктивит — Денсаулық

0

Көздің сілемейлі қабығының қабынуы «конъюнктивит» деп аталады. Аурудың себептеріне және клиникалық көріністеріне қарай экзогенді конъюнктивиттер: жедел және созылмалы жұқпалы конъюнктивиттер (вирустық, бактериялық, зеңдік, паразиттік, хламидиялы т.б.); зиянды физикалық және химиялық факторлардың әсерінен дамитын конъюнктивиттер; аллергиялық конъюнктивиттер, сондай-ақ шығу тегі эндогендік конъюнктивиттер деп бөлінеді.

Жедел ағымды жұқпалы конъюнктивит көптеген микроорганизмдерден, мысалы, пневмо-, стрепто- және стафилококтардан туындайды. Қабыну алдымен бір көзде, содан кейін іле-шала екінші көзде пайда болады. Ластану сезімі, қышу немесе күйдіру сезімі, қызару, жас ағу байқалады, шырышты ірің бөлінеді. Қас конъюнктивасы ашық қызыл түсті болады, ісінеді, қатпарланады, склера конъюнктивасы ісінген және қалыңдаған.

Емі

Кез келген конъюнктивитті емдеген кезде ең алдымен көзге новокаин ерітіндісімен (лидокаинмен) жергілікті анестезия жасайды. Конъюнктивальды қуысты фурациллин, бор қышқылы, ринованол, калий перманганаты ерітінділерімен жиі шаю керек, антибиотиктермен және сульфаниламидті препараттарды (30% натрий сульфацил ерітіндісі, 10% норсульфазол ерітіндісі, 0,25% левомицетин ерітіндісі, 10 мл натрий хлоридінің изотоникалық ерітіндісінде 100 мың Б пенициллин ерітіндісі және т.б.) 2 тамшыдан тамызады және көз жақпамайы түрінде (1% тетрациклин жақпамайы, 30% натрий сульфаниламид жақпамайы жэне т.б.) күніне 2-3 рет қолданады. Құрамында сульфаниридазин немесе канамицин бар дәрілік көз пленкасын күніне 1-2 рет төменгі қабақтың конъюнктивальды қуысына қолдану өте тиімді. Аурудың алдыңғы сағаттарында антибиотик ерітінділерін 2 сағат бойы әрбір 15 минут сайын, содан кейін 10-12 сағат бойы әр сағат сайын қолданады. Түнге қарай сульфаниламидтік немесе бактерияларға қарсы жақпамай қолданылуы мүмкін. Аурудың алдын алу үшін көзді таза ұстау керек.

Жедел эпидемиялың конъюнктивит

Аурудың дамуы Кох-Уикс таяқшасы арқылы жүзеге асады; ол жылы аймақтарда жиі кездеседі. Ауру өте жұқпалы, онымен екі көз де ауырады. Жалпы дімкәстік, мұрынның бітелуі, бас ауыру байқалады. Көздер ісінеді, көз ішінде уақ және ірі қан тебулер, мол шырышты іріңдер пайда болады. Содан кейін көздің мүйізді қабатын қамтиды, онда беткейлік инфильтраттар түзіледі.

Емі

Антибиотиктер, сульфаниламидті препараттар, қабақты және конъюнктивтерді залалсыздандырғыш ерітінділермен шаю. Бөлінділер көп болса, 1% олететринды жақпамайы қолданылады (аурудың ауыр түрінде 2-3 рет, жеңіл түрінде 1 рет жағады).

Дифтериялық конъюнктивит

Клебс-Лефлер таяқшасынан болады, мұрынның, аңқаның, көмекейдің дифтериялық зақымдануымен қоса қабаттасады. Алғашқы біліністері — қатты ісіну, қабақтың қызаруы, ауыруы және қатаюы, конъюнктивке қан тебу, ісіну, қабақ күңгірт-көкшіл реңге боялады. Қабақтардың жиектерінде, көз кеңістігінде және конъюнктивте сұр таңдақтар көрінеді. Ол жабысқақ болады. Конъюнктив үдерісі көздің мүйізді қабығына да ұласады. Онда тыртықтар пайда болады. Ауру кезінде дене температурасы артады, бас ауырады, әлсіздік байқалады. Бұларды бактериологиялық тұрғыдан зерттеу керек.

Емі

Ем аурухана изоляторында жүргізіледі. Дифтерияға қарсы сарысуларды, кортикостероидты және сорғыш дәрілерді енгізеді. Көзді сағат сайын асептикалық ерітінділермен шаяды.

Созды конъюнктивит (гонобленнорея)

Конъюнктивиттің ауыр түрі, онда көздің мүйізді қабығы зақымданады. Қоздырғыштары — Нейссер гонокогі. Жаңа туған нәрестелерге осы аурумен ауырған анасынан туған кезде, сонымен қатар нәрестені күтетін заттар арқылы жұғады.

Қабақтың түсі көкшіл-қызыл күрең түске боялып, ісінеді. Қанды ұйыма бөлінді пайда болады. 3-4 күннен кейін көп іріңді кілегей тәрізді бөлінді бөлінеді. Бірте-бірте осы құбылыстар баяулайды, блефароспазм жоғалады, бөлінді азаяды және қоюланып, сарғыштанады. Ауру көздің мүйізді қабығының іріңді ойық жарасы асқынуы мүмкін, көздің мүйізді қабығы тесіліп, көз көрмей қалуы мүмкін.

Емі

Жалпы және жергілікті — антибиотиктер, сульфаниламидті препараттар. Әрбір сағат сайын анестетиктер және антибиотиктер тамызады.

Хламидиялы конъюнктивиттер (паратрахома)

Созда да, жаңа туған нәрестелерде де пайда болады. Қоздырушысы — хламидий. Ауру ұрыққа анасының босану жолдарынан өткен кезде жұғады. Жасырын кезеңі — 2 апта. Конъюнктивтер қызарады, ісінеді, шырышты ірің бөлінділері пайда болады. Ұйқыдан тұрған кезде қабақтар жабысқақ күйде болады. Кірпіктерде қоңыр қабыршақтар түзілуі мүмкін. Блефарит, мұрынжас жолдарының тарылуы, уақ лимбальды инфильтраттар сияқты асқынулар болуы мүмкін.

Емі

Тетрациклин қатарының антибиотиктерін инстилляция және жақпамайлар түрінде және түймедақ түрінде хинолондарды (сифлокс, максаквин), тамшы және жақпамай түрінде эубиталды; түймедақ түрінде доксициклинді, тамшы түрінде витобактты қолдануға болады. Лазермен емдеу фолликулдарды бұзу үшін керек.

Вирусты конъюнктшиттер эпидемиялық өршулер кезінде кездеседі. Оларға ұшықтық, аденовирустық, эпидемиялық кератоконъюнктивит жатады.

Ұшықтық конъюнктивит

Ұшықтық конъюнктивит — катаральды немесе пленкалы түрдегі бір жақты үдеріс, кейде эпителий зақымданады. Аденовирусты конъюнктивит (фаринго-конъюнктивальды қызба). Вирус ауа-тамшы жолымен жұғады. Ауру кездейсоқ, эпидемиялық өршу түрінде, әсіресе балалар ұжымдарында пайда болады. Аурудың басталуы жедел ағымды. Көздің зақымдануы жоғарғы тыныс жолдарының зақымдарынан бұрын болады және қоса қабаттасады, дене қызуы жоғарылайды, лимфа түйіндері (әсіресе балаларда) ұлғаяды. Көзден жас ағады, жарыққа қарай алмайды, қабық ісінеді, қызарады, орташа блефароспазм байқалады, конъюнктив қышиды, күйдіру сезімі білінеді, шырышты бөлінділер бөлінеді. Фолликулалар немесе пленкалар түзіледі. Көздің мүйізді қабығының зақымдануы мұнда сирек кездеседі, эпителиальды нүктелі кератит түрінде болады, көп ұзамай бұл ізсіз сіңіп кетеді. Екі көз де зақымдануы мүмкін.

Емі

Гамма-глобулинді бұлшық ет ішіне немесе конъюнктив астына қолданады, ДНК-аза, интерферон, амантадин ерітінділерімен жергілікті инсталляция жасалады, көзге теброфен жақпамайын жағады. Бұл аурудан толық жазылу шамамен 2-4 аптаға созылуы мүмкін.

Эпидемиялық кератоконъюнктивит

Эпидемиялық кератоконъюнктивит өте жұқпалы. Ауру бірден басталады, қабақтың конъюнктиві тез қызарып, ісінеді. Ұсақ фолликулалар пайда болып, жақ астында лимфа түйіндері үлғаяды. Шырышты-көпіршік түріндегі бөлінділер түзіледі. 7-10 күннен кейін кезден жас ағады, жарыққа қарай алмайды, көздің мүйізді қабығында нүктелі инфильтраттар пайда болады. Көру нашарлай бастайды. Аурудың ұзақтығы 2 аптадан 2 айға дейін созылуы ықтимал. Көздің мүйізді қабығының лайлануы сіңіп жоқ болғаннан кейін көздің көруі жақсарады.

Емі

Интерферонды (пирогенал, полудан, продигиозан), химиопрепараттарды (флореналь, теброфен, оксолин), идоксиурединді (керецид), гамма-глобулинді, сіңіргіш дәрілерді жергілікті және жалпы тәсілмен қолданады. Қайталануына жол бермеу мақсатында антибиотиктер мен сульфаниламид препараттарын тағайындаиды.

Созылмалы конъюнктивит

Себебі — конъюнктивтің ұзақ уақыт шаңнан, түтіннен, химиялық қоспалардан тітіркенуі, авитаминоз, зат алмасудың бұзылуы, мұрынның және көз жасы жолының созылмалы зақымы, аметропия. Бұған қышу, күйдіру сезімі, жарықты жақтырмау, көздің шаршауы, конъюнктивтің қызаруы, жеңіл ісінуі, шырышты іріңнің бөлінуі тән. Бұлар біртіндеп дамиды. Көздің мүйізді қабығының зақымдануы түрінде асқынып, кератитке айналуы мүмкін. Ауру өте ұзаққа созылады.

Емі

Аурудың себептерін жою керек. Жалпы әлдендіргіш дәрілер тағайындалады. Жергілікті тамшылар түріндегі тұтқыр препараттар: құрамында адреналин мен дикаин бар 0,25-0,33% мырыш сульфатының ерітіндісі, 1% резорцин ерітіндісі. Сырқат асқынған кезде 30% сульфацил-натрий ерітіндісі, 0,3% синтомицин ерітіндісі, 10% натрий сульфапиридазині ерітіндісі қолданылады.

Аллергиялық конъюнктивиттер

Аллергиялық конъюнктивиттер дәрілік препараттарға, косметикалық заттарға, гүлдерге, әртүрлі тағамдық заттарға аллергиялық реакциялар кезінде пайда болады. Көздің тесіп ауыру сезімі, қабақтардың, оның шырышты қабықтарының және көз бұршағының ісінуі, қабақ пен шырышты қабықтың қызаруы, көзден жас ағу, шырышты бөлінділер тән. Бірқатар жағдайларда фолликулдар пайда болады.

Дәрілік конъюнктивит дәрілерді қолданғаннан кейін шамамен 6 сағаттан соң білінеді, ауру баяу дамиды және препарат-аллергенді тоқтатқаннан кейін біртіндеп кетеді.

Емі

Әрбір сағат сайын конъюнктивальды қалтаға кортикостероидтар ерітіндісін (0,1% дексаметазон ерітіндісі, 1% гидрокортизон ерітіндісі) тамызады, қабаққа 1% гидрокортизон жақпамайын жағады. Ішуге димедрол, супрастин (тавегил), кальций глюконаты және сезімталдықты жоятын басқадай препараттар тағайындалады. Дәрілер қабылдауды тоқтата тұру керек және аллергия тудыратын тағамдарды асқа пайдаланбау қажет.

Пішен конъюнктивиті (поллиноз)

Пішен конъюнктивиті (поллиноз) өсімдіктердің гүлдеу кезінде дамиды. Ол организмге және көзге өсімдіктердің (жусан, бетеге т.б.) және ағаштардың (жөке, терек т.б.) тозаңдарының түсуінен пайда болады.

Аллергиялық конъюнктивитке мұрынның бітелуі, түшкіру, қолқа демікпесінің ұстамасы секілді белгілер қосылады.

Емі

Кортикостероидтар (тамызғыш дәрілер, жақпамайлар), антигистаминді препараттар, кальций хлориді, сульфадекс.

Көктемгі конъюктивит (көктемгі талаурау)

Қабақ конъюктивтерінің көктем-жаз айларында асқынатын созылмалы қабынулары. Аурудың туындауына негізгі себепшілер — аллергиялық факторлар, эндокринді бұзылулар және ультракүлгін радиация. Жарыққа қарай алмау, көзден жас ағу, көздердің қышуы тән. Көздің қышуы кешке қарай күшейе түседі. Көктемгі конъюктивиттің конъюктивальды түрінде жоғарғы қабақ шеміршегінің дәнекер қабығы сүт түсті реңге өзгереді және сыртында бозғылт-қызғылт түсті ірі, қалың емізікшелер сияқты өсінділер пайда болады, төменгі қабақта мұндай өте сирек  болады. Қасаң қабықты түрінде бозғылт-сұр түсті шыны тәрізді қабаттар түзіледі, кейде көздің мөлдір қабығы аздап бұлыңғырланады. Бөлінді аз, кейде уақытқа жойылады.

Емі

Көзге тамызатын дәрі түріндегі кортикостероидтардың әлсіз ерітінділері (гидрокортизон, преднизолон, гексаметазон), сульфадекс, гидрокортизонды жақпамай (хлорамфениколсыз) қолданылады. Сонымен қатар кальций препараттары, рибофлавин, димедрол, фенкарол пайдаланылады. В тобы витаминдері, лекозим және анестетиктер (новокаин, ледокаин) тағайындалады. Қайталануына жол бермеу үшін гистаглобулин беріледі. Кейбір жағдайларда рентгенмен емдеу жәрдемдеседі. Күйдіргіш дәрілерді қолданбау керек. Көзді күннен қорғайтын көзілдіріктер киген жөн. Климаты өзгертудің де пайдасы бар.

Ә. Қарғабаева


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: