Конгрестің төменгі палатасы Трампқа сенімсіздік білдірді

0

ДАУЫС БЕРУ НӘТИЖЕСІ

Желтоқсанның 18-і күні АҚШ конгресінің Өкілдер палатасы ел президенті Дональд Трампқа импичмент жариялау мәселесін дауысқа салды.

Конгрестегі демократтардың барлығы дерлік Трампқа импичмент жариялауды қолдаса, республикашылдар түгелдей қарсы болды. Трампқа президент өкілетін пайдаланып, 2020 жылы АҚШ-та болатын президент сайлауындағы саяси бәсекелесі болуы ықтимал адамға қарсы тексеру жүргізуге шетел әріптесін (Украина) көндіруге тырысқан және импичмент жариялау мүмкіндігіне байланысты конгресс зерттеуі кезінде сұрау салынған мыңдаған құжатты бермей, осы зерттеу аясында конгресс тыңдауына шақырылған куәгерлерге кедергі келтірген деген екі айып тағылды.

АҚШ президентіне импичмент жариялау мәселесі бойынша Өкілдер палатасындағы дауыс беру қорытындысы. Вашингтон, 18 желтоқсан 2019 жыл.

АҚШ президентіне импичмент жариялау мәселесі бойынша Өкілдер палатасындағы дауыс беру қорытындысы. Вашингтон, 18 желтоқсан 2019 жыл.

Трамп билігін асыра пайдаланды деген уәжбен демократтар саны басым Өкілдер палатасының 230 мүшесі келісіп, 197 адам (екеуі — демократ) қарсы болған, біреуі қалыс қалды. Ал президент конгресс жұмысына кедергі жасаған деген айыпты 229 адам қолдап, 198 конгрессмен (үшеуі – демократ) қарсы дауыс берді. Бір адам қалыс қалды.

АҚШ тарихында бұған дейін Өкілдер палатасы импичмент жариялаған президенттер Эндрю Джонсон (1868 жылы) мен Билл Клинтонды (1999 жылы) Сенат ақтаған. Ал 1974 жылы «Уотергейт дауына» қалған Ричард Никсон Сенаттың шешімін күтпестен президент қызметінен отставкаға кеткен.

АҚ ҮЙДІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Президент Трамптың баспасөз хатшысы Стефани Гришэм конгрестегі дауыс беру қорытындысын АҚШ тарихындағы «ең ұят саяси эпизодтардың бірінің шарықтау шегіне жетуі» деп атады.

«Өкілдер палатасындағы демократтар республикашылдардың ешқайсысынан қолдау таппай, заң бұзылғанына бірде-бір дәлел келтірмей президентке қарсы импичменттің заңсыз баптарын бекітті» делінген Ақ үй мәлімдемесінде.

Гришэмнің сөзінше, президент Трамп «Өкілдер палатасы елемей қойған тәртіп, әділдік пен заң үстемдігін Сенаттың қалпына келтіретініне» және өзінің «толық ақталатынына сенімді».

Желтоқсанның 18-і күні Мичигандағы сайлау кампаниясы кезінде конгрестегі дауыс беруге байланысты пікірін айтқан Дональд Трамп «демократтар ондаған миллион Америка патриотының бюллетенін (2016 жылы президент сайлауында Трампты жақтаған адам саны) жарамсыз қылуға тырысып жатыр» деп мәлімдеген болатын.

Енді Трамп импичменті мәселесін АҚШ сенаты қарайды. Сенатта Трампты қолдайтын республикашылдар саны басым болғандықтан, президентке импичмент жариялау туралы бастамаға тоқтау салуы мүмкін.

ДАУ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

АҚШ-та импичмент дауы Трамптың шілденің 25-і күні Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған әңгімесінен соң туған.

Америкалық басылымдар Трамп 2020 жылы өтетін сайлауда бәсекелесі болуы ықтимал АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті демократ Джо Байденнің үстінен жемқорлық дауы бойынша іс қозғауға Зеленскийді мәжбүрлемек болған деп жазған еді. Сыншылар Трампты «қызмет өкілетін асыра пайдаланып, болашақ бәсекелесі болуы ықтимал адамға қарсы дерек табуға тырысқан» деп айыптады. Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Трамп пен Зеленский арасындағы әңгіме мазмұны белгілі болған соң, биыл күзде АҚШ конгресінің Өкілдер палатасындағы демократтар Трампқа «сертін бұзғаны үшін» импичмент жариялау процесін бастаған. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский өзіне Трамптың қысым жасамағанын айтқан.

АҚШ-та президентке импичмент қалай жарияланады?

Azattyq