Конгресменнің «Рысқалиев ісін» қозғауы және президент сайлауы

0

Сәуірдің 6-сы күні атыраулық «Ақжайық» басылымы АҚШ конгресінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып, конгресмен-республикашыл Дункан Хантердің конгрестің өкілдер палатасында Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев ісінің саяси астары жайлы мәселе көтергенін жазды. Республикашыл конгресмен істің саясиланғанын айтып, әріптестерін мәселеге көңіл бөлуге шақырған.

«Спикер ханым, Қазақстанның батысындағы Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев, сонымен қатар, Рысқалиевтың отбасы мүшелері мен елдің батысындағы мұнай өндіруші компаниялардағы әріптестерін қоса алғанда, тағы 22 адамның саяси тұрғыда қудалауға ұшырауына қатысты алаңдаушылық білдіремін. Бұл әрекет мұнай табысының ашықтығын, қауіпсіз еңбек жағдайын және әділетті еңбекақыны талап ететін жергілікті тұрғындардың заңды талаптарын басып тастауға бағытталған қазақстандық режимнің келесі қадамына ұқсайды…» делінген хатта.

Жақында Рысқалиев пен тағы 22 адамның үстінен шыққан сот үкімін меңзеген хат авторы айыптау жағында олардың кінәсін дәлелдейтін жеткілікті дәлел болмағанын, олардың ісі сотта әділ қаралмағанын жазған.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуіне байланысты оппозициялық саясаткерлер мен бұрын саяси айыппен сотталған адамдардың қатысуымен билікті бейбіт жолмен беру мәселесі өте маңызды болып отыр» деп Хантер хатын аяқтаған. Ол АҚШ мемлекеттік департаментінің «Рысқалиев ісін» қарап, үкіметте талқыланғанын қалайды.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев.

Қаңтар айының соңында Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев және оның інісі, бұрынғы мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалиевті 16-17 жылға бас бостандығынан айырып, сырттай соттаған.

Ағайынды Рысқалиевтерге «аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды», «алаяқтық жасады», «жалған кәсіпкерлікпен айналысып, мемлекетке ірі зиян келтірді», «қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырды» және өзге бірнеше бап бойынша айып тағылған еді.

«Ақжайық» басылымы «егер калифорниялық конгрессменнің әріптестері оның үндеуіне құлақ асса, онда Рысқалиевтің ісі америкалық-қазақстандық үкіметаралық келіссөздер мен байланыстардың күн тәртібіне енгізілуі мүмкін. Бұл сыбайлас жемқорлық үшін сотталған шенеунікті автоматты түрде саяси тұлғаға айналдырады» деп топшылаған.

«ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫНА ҚАТЫСАСЫЗ БА?»

Аймақ басылымдары осы аптада президент сайлауы жайлы бірнеше мақала басқан. Сайлауға кімнің қатысатыны әлі белгісіз болса да, ақтөбелік «Диапазон» басылымы жергілікті тұрғындардың қай саясаткерді ел басшысы ретінде көргісі келетіні туралы пікірін біліп көрген.

«Саясаттанушылар бірнеше фамилияны атайды: Қасым-Жомарт Тоқаев, Азат Перуашев («Ақ Жол»), Айқын Қоңыров (ҚХКП), Әли Бектаев («Ауыл»), Жармахан Тұяқбай, Әміржан Қосанов, Дариға Назарбаева және тағы басқалар. Ал сіз кімнің президент болғанын қалайсыз?» деп басылым Instagram-дағы парақшасында қолданушыларға сұрақ қойған.

Пікірлер әртүрлі. Кейбір қолданушылар тізімнің шектеулі екенін, онда оппозициялық саясаткерлер жоғын айтса, кейбірі шешімнің жоғары жақтан қабылданатынын айтып, халықпен ешкім санаспайтынын жеткізген.

Ал «Уральская неделя» басылымы тұрғындардан «сайлауға қатысасыз ба?» деп сұрап көрген.

АПАТТЫ ҮЙДЕ ТҰРЫП ЖАТҚАН 200 ТҰРҒЫН

Петропавлдан хабар тарататын Петропавловск.news сайты облыс орталығында 200 тұрғынның құлауға шақ тұрған ескі үйде тұрып жатқанын жазды.

«Бензострое елді мекенінде Орал көшесі бойындағы апатты жағдайда тұрған үй қабырғаларының құлағаны бәрінің есінде. Тұрғындарды басқа жаққа қоныстандырған. Қазір облыс орталығында шамамен 200 тұрғын жартылай қираған үйде тұрып жатыр» деп жазды мақала авторы. Оның айтуынша, қауіпті үй кез келген уақытта «опырылып құлап, адамдарды басып қалуы мүмкін».

Мақала авторының жазуынша, «алайда әкімдік тұрғындарды басқа жаққа қоныстандыруға асықпай отыр». Биліктің айтуынша «бос пәтер де, оларды сатып алатын ақша да жоқ». Ал ескі үйде тұрып жатқан азаматтар қар ерігендіктен үйге жақын арада су кіреді деп қорқып отыр.

ҚАҢЫРАҒАН ЕЛДІ МЕКЕН ТҰРҒЫНДАРЫ

Дәл осы сайт өткен жылғы «шағын ауылдарды біріктіру» жобасы нәтижесінде қаңырап қалған елді мекен тұрғындарының әлі күнге дейін басқа жаққа көше алмай отырғанын да жазған. «Елес-ауылдар: Солтүстік Қазақстандағы ауылдардың біріктірілгеннен кейінгі жағдайы» атты мақалада сондай елді мекендердің бірі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы Островка ауылының жағдайы айтылады.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Островка елді мекені. Скриншот.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Островка елді мекені. Скриншот.

«Ауылда не дүкен, не дәріхана, не мектеп, не ауызсу да жоқ» деп сипаттайды интернет-ресурс.

«Тұрғындарды қолайлы елді мекендерге қоныстандыру үшін аудандық бюджеттен бір тиын да қарастырылмаған, ал картада жоқ ауылдағы үйлерін тұрғындар әрине, сата алмайды» деп жазды мақала авторы.

Тұрғындар ауылдың басқа елді мекенмен біріктірілетінін осыдан екі жыл бұрын білген. Айтуынша, әкімдік өкілдері құжаттарда «тұратын жері» ретінде Островка емес, Пресновка жазу қажеттігін айтыпты.

«Ал олар қай көшеде тұрасың деп сұрайды. Егер өзім Островкада тұрсам, Пресновкадағы қай көшені жазам? Әкімдіктен айына бір рет келіп, қалай тұрып жатқанымызды біліп көрсе ғой, шіркін» деген жергілікті биліктен көмек жоғын алға тартқан тұрғындардың бірі Владимир.



Azattyq