Кондуктор мен жолаушының төбелесі немен аяқталды – видео

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

5 0 0

Жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі кондуктор жұмыстан шеттетілгенін атап өтті. Ол тәртіптік жазаға тартылады

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Орал қаласына жақын жерде автобус кондукторы мен жолаушы төбелесіп қалды. Салонда отырған жолаушылар жанжалды видеоға түсіріп алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ресми ақпаратқа сәйкес, оқиға кеше күндіз Орал қаласына жақын Зашаған кентінде болған. № 22 автобус кондукторы мен ер адамның арасында жанжан туындап, арты төбелеске ұласқан.

Полиция кондуктордың кім екенін анықтады. Кеше одан бірден телефон арқылы жауап алынды. Оның айтуынша, жолда егде жастағы әйел автобусты рұқсат етілмеген жерден тоқтатуды сұраған. Сол кезде кондуктор ол жерде тоқтауға болмайтынын түсіндіреді. Осы кезде белгісіз біреу көлік жүргізушісіне дөрекі сөйлеп, қоғамдық көлікті тоқтатуды талап еткен. Кондуктор кедергі жасамауды сұрайды. Содан екеуі сөзге келіп қалып, арты төбелеске ұласқан.     

«Алайда соңғы аялдамаға жеткеннен кейін кондуктор Жарқынбек Темресов белгісіз ер адаммен татуласқан. Екеуі қол алысып кеткен. Сондай-ақ, кондуктор жолаушының мас болғанын жеткізді. Ал егде жастағы әйел кетіп қалған. Қазіргі кезде оқиға куәгерлерін іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін ешкім арыз түсірген жоқ», — дейді полицейлер.     

Ал жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Алмаз Ахошев кондукторға қатысты қандай жаза қолданылғанын айтты.

«Кондуктор Жарқынбек Темресов кешірілмейтін әрекет жасады. Осыған байланысты оны жұмыстан шеттетті. Ол тәртіптік жазаға тартылатын болады», — деді Ахошев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.



sputniknews.kz