Кондуктор 8 жасар оқушыны қатты аязда автобустан түсіріп тастаған

0
93
Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

190 0 0

Оқушының ата-анасы автопарк басшысына шағымданып, кондукторды жұмыстан шығарды

АСТАНА, 26 қаңтар — Sputnik. Оралда кондуктор күннің қатты суық екеніне қарамастан, 8 жасар оқушыны автобустан түсіріп кеткен, деп хабарлайды КТК арнасы.

Орал қаласында №2 автобустың кондукторы 8 жастағы баланы жол ақысын төлемегені үшін қоғамдық көліктен түсіреді. Осы жағдайдан кейін оқушы үйіне жылап келген. Оқиға №31 орта мектеп аялдамасында болған.

«Менің ақшам бар еді. Қалтамнан алайын дегенімде жоғалғанын байқадым. Кондуктор ұрысып, мені түсіріп тастады», — деді Ерасыл есімді оқушы.

Ерасыл Ризаков — үшінші сынып оқушысы. 23 қаңтар күні ол №2 автобусқа отырып үйіне қайтпақ болады. Бірақ жолға төлейтін ақшасын жоғалтып, үйіне бір сағат жаяу жүріп келуге мәжбүр болады. Ата-анасы баласы сабақтан уақытылы келмеген соң алаңдай бастайды. Мұғаліміне хабарласқанда ол Ерасылдың автобусқа отырып кеткенін айтады. Сосын Ерасылды іздей бастайды. Оқиғаның мән-жайын естіген соң оқушының ата-анасы автопарк басшылығына шағым түсірген.

«Кешкі сағат сегіз жарымда ұлым үйге келді. Ол бәрін айтып берді. Кондуктор үшін баланың өмірі 40 теңге тұра ма?» — деді Ерасылдың анасы Сандуғаш Шойынжанова.

Осы шағымнан кейін қызметтік тексеріс жүргізіліп, «Орал техникалық қызмет» ЖШС басшылығы кондуктордың кім екенін анықтады. Кондуктор өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта жұмыстан босатылды.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/