Кондитерлік кәсіпке машықтануда

0
97

Жақсы бір танысы 3 мил­лион теңгеге кондитерлік тағамдар да­­йындайтын қондырғылар ал­ғанымен жұмысын бастап кетуге қолбайлау көп болып, әрі-сәрі болып жүрсе керек. Ол осы са­лаға қызығып жүрген зей­нет­­керге жабдықтарын сатуға ке­лісім береді. Ә.Қаюпова «Да­му» қоры арқылы 3 миллион тең­ге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қондырғыларды сатып алады. Наубайхананы ауласындағы жапсарлас үйге орналастырып, бір жағын шағын дүкенге айналдырады.

Жалағаштағы бес мектеп­ пен үш балабақшаны жә­не дү­кен­дерді кондитерлік тағам­дармен қамтамасыз етіп отыр­­­­ған кәсіпкер алғашқыда көп­­теген қиындыққа душар болып, түн баласы ұйықтай алмай қи­нал­ғандығын айтады.

Үйдегі хоббиі кәсіби конди­тер болуға аздық етеді екен. Да­йын­даған өнімдері тұтынушы көңілінен шығуы үшін біліктілік керек. Бәсекеге қабілеттілік сын көтермеген жерде шығынға оты­ра­сың. Осының бәрінен өткен кәсіпкер облыс орталығындағы мамандар көмегіне жүгінген. Тынымсыз ізденіс, еңбекқорлық күткен межеге жеткізді.

Кәсіби біліктілігін жетілдіру үшін алды Қызылорда, соңы Шымкент арасында шапқылап, түрлі кондитерлерден дәріс алған кәсіпкер әлеуметтік желідегі ре­цептілерді де пайдаланып жүр. Жаңа өнім түрлерін өндіруге көп уақытын жұмсады.

Осылайша, алғашқы асуларды ала бастаған кәсіпкер облыстағы Кәсіпкерлік палатасына шетелден кондитер маманын шақыру ұсынысымен шығады.

Кәсіпкерлер палатасы Әйге­рімнің сұранысын ескере келе, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы  және «Аға сеньорлар» құрылымы аясында Түркиядан Маджит Горпюз есімді маманды алдырады. Түрік сарапшысының наубайхана саласындағы тә­жірибесі 20 жылдан асады. Нау­­байхана және кондитерлік істе жан-жақтылығымен көзге түс­кен, аса білікті мамандар қата­рын­дағы шетелдік маман өзінің тәжі­рибесімен бөлісті.

– Кәсіпкерлер палатасының шақыртуымен Түркиядан келген Маджит бізге үлкен қол­дау көрсетті. Өнімдерді әзір­леу­дің оңтайлы жақтарын көр­сетіп берді. Кремдерді жасау тәсіл­дерін, бисквитті сәтті шы­ға­ру­ды, торттың түрлерін жасауды үй­ретуде. Байқағаным, біз көп шы­ғыс жасайды екенбіз. Маджит біз­ге бар шикізаттан қалдықсыз өнім шығаруды, тіпті үнемдеуге дейін үйретіп жатыр, – дейді кә­сіп­­кер.

Ә.Қаюпова биыл кәсі­бін ке­­ңей­ту үшін «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда об­лыс­тық филиалынан 4 млн теңге кө­ле­мінде несие алды. Бұл қар­жыға талапқа сай наубайхана салып, бүгінде төрт адамды жұ­мыспен қамтып отыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы