Композитор Арман Қайназаровтың өліміне қатысы бар күдікті ұсталды
Әнші, композитор Арман Қайназаровтың өліміне қатысы бар күдікті ұсталды. Бұл туралы полиция Massaget.kz-ке берген жауабында мәлімдеді, — деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Алматы қалалық Полиция департаменті мәліметінше, бұл дерек Алатау аудандық полиция басқармасында тіркелген.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Осы қылмысты жасады деген күдікті «ізін суытпай» ұсталды. Ол қамауға алынды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр», — делінген полицияның Massaget.kz-ке берген жауабында.
Еске салайық, бұған дейін композитор Арман Қайназаров қайтыс болғаны хабарланған еді. Бұл ақпаратты Massaget редакциясына журналист Тимур Нұғман растады.
«Ол 4 қыркүйекте Шаңырақ шағынауданындағы кафе маңында жігіттермен төбелесіп қалған. Сол күні жансақтау бөліміне түсті. Кейін комаға түскен. 19 қыркүйекте ол қайтыс болды», — деген еді журналист.