Коммунистер Жамбыл Ахметбековті президент сайлауына үміткер ретінде ұсынды

0
72

Қазақстан халықтық коммунистік партиясы 9 маусымда өтетін президент сайлауына мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбековті үміткер ретінде ұсынды.

Съезд қатысушылары бірауыздан Ахметбековті қолдап дауыс берген соң, мәжіліс депутаты сөз сөйлеп, сайлауалды кампаниясы кезінде не ұсынатынын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан «байлықтарын дұрыс пайдалана алса, азаматтар өмірінің сапасы «Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері не Норвегиямен теңеседі».

Ол «батыстың жалған құндылықтарының ықпалынан арылуы мәселесін көтеретінін» айтты.

– Ақша культі, кез келген жолмен табыс табу, моральдің болмауы сияқты батыс дәстүрлері – отанымыздың түбіне жетеді, – деді.

Ахметбеков «елдегі кедейлікпен күрес бағдарламасын ұсынамын. Отандық өнімдерге қолдау көрсетіп, халық әкімге емес, әкім халыққа тәуелді болатындай етемін» деді. Депутат «үстеме кіріске кенеліп жүргендерге табыс салығын арттырамын. Олардың кім екенін өздеріңіз де білесіздер» деді съезд қатысушыларына қарата.

Оқи отырыңыз: Жолдауды насихаттамақ депутат «әділетсіз сайлау туралы естімеген»

Жамбыл Ахметбеков бұған дейін де – 2011 жылы өткен президент сайлауына қатысқан. Сол жылғы сайлауда Назарбаев – 95,55, Ахметбеков 1,36 пайыз дауыс алған.

Видео: ҚХКП президент сайлауына үміткер ұсынды

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымға белгіленген. Кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде, тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған кандидаттар:

  • Сәдібек Түгел – «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы​ (тіл емтиханынан өтті);
  • Қасым-Жомарт Тоқаев – «Нұр Отан» партиясы (тіл емтиханынан өтті);
  • Амангелді Таспихов – Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (ОСК-ға құжаттарын тапсырды);
  • Дания Еспаева – «Ақ жол» партиясы. ​
  • Төлеутай Рақымбеков – «Ауыл» партиясы.

Azattyq