«Коммунистер өздерін әлі де Кеңес империясында өмір сүріп жатырмыз деп есептейді» — Қазыбек Иса

0

Айдың-күннің аманында қазақ ұлтшылдарын жау санап, Бас прокуратураға арызданып жатқан коммунистердің оғаш қылығы ұлт зиялыларының қарсылығын тудырып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Олардың айтуынша, бұл шектен шыққандық. Белгілі журналист, қоғам белсендісі әрі Президент жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі Қазыбек Исаның жазуынша, бұл — парадокс. Керісінше Ұлттың нағыз жауы басқа емес Коммунистердің өзі екенін айқын көрсетеді.

«Тәуелсіздік алған елдерде ерте ме, кеш пе, декоммунизацияның күшейе беруі тарихи да, табиғи да заңдылық!

Біздің елде коммунистердің әлі парламентте отыруы — Ұлтты қырғандарға Ұлт туралы билік айтқызу, яғни адам өлімі туралы сот үкімін қандықол қанішерге шығартумен бірдей парадоксты жағдай.

Коммунистер көлеңкесінен қорқып, аттандап отырғандай Радикалды ұлтшылдық әлі жоқ бізде! Ал оған не жеткізеді елді? Радикалды ұлтшылдықты тек биліктің ұлт мүддесін елеусіз қалдырғаны былай тұрсын, қайта қарсы жұмыс істеуі тудырады. Яғни радикалды ұлтшылдықтың күшеюі тек биліктің әрекетіне байланысты.

Ұлтшылдық деген — Ұлтты сүю. Сонда коммунистердің айыптап отырған «радикалды ұлтшылдығы» — Ұлтты қатты сүю, жақсы көру, нағыз ұлтшылдық болып шығады!» деп жазған өзінің Facebook парақшасында.

Қазыбек Исаның жазуынша, нағыз ұлтшыл болу — ел үшін де, мен үшін де қасиетті парыз, перзенттік міндет!

«Нағыз ұлтшылдықты, яғни ұлтыңды қатты сүюді, жақсы көруді жаулық көріп, қатаң айыптауы Коммунистердің Ұлттың нағыз жауы екенін айқын көрсетеді.

Тәуелсіздік алған елде кешегі Кеңес одағындай ұлтшылдықты айыптау — коммунистердің шетелден бұйрық алып, қолмен басқарылып отырған қуыршақ ұйым екеніне анық көз жеткізеді. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қырағылық танытатын жері осы тұс болуы керек!

Биліктің күні біткен коммунистерді парламентке отырғызып қойған Тәуелсіздік ұстанымына қарсы мұндай саяси соқырлық шешімі ешбір елде болмайтын нағыз парадокс!

Біз тәуелсіздікті кімдерден алдық?!. Коммунистік партия басқарған Кеңес одағынан! Ендеше бұл коммунистердің ұлттық тәуелсіздікке қарсы болуы — негізгі мақсаттары ғой!..

Жалпы, бұл коммунистер Қазақ Елінің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болғанын біле ме екен?!. Жоқ әлі қандықол Кеңес империясында өмір сүріп жатырмыз деп ойлай ма?!. Бірақ коммунистер мен Копбаев сияқты жалған интернационалистердің Қазақ Елінің Тәуелсіздік алғанын білмеуін түсінуге де болады. Өйткені, бұлар біздің билік секілді елден екі-үш тілділікті талап еткенмен, өздері әлі сол баяғы Кеңес империясы кезіндегідей бір-ақ тілмен сөйлеп келе жатыр… Өздері әлі сол кездегідей билікте, парламентте отыр…», — деп жазған журналист.

Сондай-ақ ол өз жазбасында коммунистердің қазақ халқы ешқандай пайда әкелмейтінін айтады. Керісінше, кедергі болумен келеді.

«Мысалы «Қазақ үні» сайтындағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп қол қойған, алды әлемге әйгілі Ұлт зиялылары бастаған 122 мыңнан астам адамның ішінде Парламентте заңсыз отырған Компартияның бір де бір депутатының болмауы нені білдіреді?

Парламентте оншақты жыл отырғанда бұлардың есте қалған ессіз тірліктерін атап өтейік. «Одақта ортақ ақша болсын» деп, Ресей тапсырысын орындауы мен өзі зорға күнін көріп отырған кедейлері көп елде «нанды 400 теңге етуді» ұсынған, бүгінде Ұлтшылдықты жау көріп, ұйқысынан айрылған Айкын Ойратович Конуров, «Русский мирден алыстап кеттік» деп қатты қайғырып, орманға қарап ұлып отырған Смирнова, Ұлттық кеңесте Мемлекеттік тіл мәселесінің көтерілуіне жан-тәнімен қарсы болған Жамбыл Ахметбеков, кеше ұлттық құндылықтарымызға қарсы болған, бүгінде Мәжіліске түнгі «тойлардан» қалған ұйқысын қандыру үшін келетін, жасы ең үлкен кәрі коммунист шал Косарев.

Коммунистердің Тәуелсіз Қазақ Елінің Мемлекеттік тілін қолдамағаны да заңдылық! Өйткені олар Кеңес империясы кезінде 70 жыл, Тәуелсіз Қазақстанда 30 жыл, барлығы 100 жылдан бері Ұлттық мүддені, Қазақ тілін жаныштап келе жатыр ғой, басты бағыт-бағдарламасынан енді неге қайта қойсын?!.

Бұл жанталас — коммунистердің соңғы тұяқ серпуі!», — деп атап өткен.