Коммуналдық қызметтер бағасы арзандайды

0
177

Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, осы жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша жылыту тарифтері еліміздің үш өңірінде, атап айтар болсақ, Ақмола облысында – 36,8 пайызға, Солтүстік Қазақ­стан облысында – 1,1 пайыз­ға, Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында – 2,8 пайыз­ға арзандаған. Келер жыл­­дың 1 қаң­тарынан бастап қалған 14 өңір­де тарифтерді төмендету жос­­­пар­ланып отыр.

− Елімізде 2015 жылдан бастап жаңа тарифтік саясат енгізілді. Онда ұзақ мерзімді тарифтер қарастырылған. Бірақ әр жыл сайын тарифтердің құны салынған инвестиция көлемі­не байланысты өзгеріп отырады. Осы негізде келер жылға жасалған болжам бойынша инфляция деңгейінде кейбір өңірлерде 1-2, тіпті 7 пайызға дейін тариф құны қымбаттауы мүмкін еді. Берілген тапсырмаға сәйкес, субъектілердің ішкі резервін тарту және заң бұзған субъектілерге тарифтер бағасын төмендету бойынша жұмыстар жүргізілді, – деді С.Жұманғарин.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық тарифтерін төмен­дету бойынша атқарылған жұ­мыс­тардың нәтижесінде келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жылу­мен жабдықтау тарифтері Астана қаласында 10 пайызға, Алматы қаласында 11,4 пайызға, Алматы облысында, Ақтөбе облысында, Жамбыл облысында, Батыс Қазақстан облысында, Қызылорда облысында 10 пайыз­ға, Қарағанды облысында 2,2 пайызға, Қостанай облысында 8,9 пайызға, Түркістан облысында 15,3 пайызға, Маңғыстау облысында 3,1 пайызға, Павлодар облысында 5 пайызға, Ақмола облысында 36,8 пайызға, Семей қаласында 2,8 пайызға, Өскемен қаласында 3,4 пайыз­ға, Шымкент қаласында 11,7 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 1,1 пайызға арзандайды. Нәтижесінде халық қаражатының үнемделуі жылумен жабдықтау қызметі үшін 6 млрд теңге шамасында болмақ. Ал сумен жабдықтау саласында да келер жылы тариф құны халыққа қолжетімді бола түспек. Су бұру және су жабдықтау бойынша биыл жыл соңында Жамбыл облысында тариф­тің айтарлықтай төмендегені анық­талып отыр. 2019 жылы бұл салалардағы бағаның арзандауы барлық өңірлерде сақталады деген болжам бар.

− Біздің елде судың тарифі салыс­тырмалы түрде аз деп айта аламыз. Мысалы, көрші Ресей, Бела­русь, Украина, Өзбек­стан сын­ды елдерде судың тари­фі ай­тар­лықтай қымбатқа түсе­ді. Біз­ден кейінгі орында Қыр­ғыз­стан тұр. Соған қара­мас­тан, бұл саладағы бағаны бақы­лау­да ұстап отырмыз, – деді С.Жұманғарин.

Межелі жоспарға сәйкес, 2019 жылы газ тарифін төмен­дету арқылы 5 млрд теңге үнем­дел­мек. Әсіресе Алматы облы­сы­­ның тұрғындары қазіргі ба­ға­­мен салыстырғанда текше метріне 5,6 теңге үнемдесе, ал­ма­­­ты­лықтар текше метріне 3,7 тең­ге үнемдейді. Қалған Ақтөбе, Жам­был, Батыс Қазақстан, Қос­танай, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Шымкент қала­сын­да да тариф құны арзандай­ды деп күтілуде.

Ал атқарылған жұмыстар нәтижесінде келер жылы қазақ­стандықтар электр қуаты­на кете­тін шығынды 7,8 млрд тең­геге азайтады. Ал тарифтерді төмен­дету нәтижесінде жалпы халық­тың коммуналдық қызметтері үшін қаражатын үнемдеу шамамен 27,5 млрд теңгені құрайды деп жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, кеше Пар­ламент Сенатының отырысында «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы қабылданды. Онда жоғарыда аталған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтерін төмендету бойынша белгіленген межелі міндеттер қарастырылған.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/