Колумбиялық университетке түсу үшін он жыл бойы өтініш білдірген қазақстандық арманға жетудің жолдарын айтты — Қазақстан жаңалықтары
Бек-әли Ержан — әлемдегі ең мықты жоғары оқу орындарының бірі Колумбиялық университеттің түлегі. Үндістан, Венгрия, Америка, Мысыр мен Тунисте білім алған ол бүгінгі күні оқып-тоқығанын Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіндегі (IT) шәкірттеріне үйретуде. Сондай-ақ, 2000 адамның басын қосып, Cheсkmat Kazakhstan деп аталатын залда джиу-джитсудан спорт шеберлерін тәрбиелеп жатыр.
Үндістанда ғылыми дәрежені алған тұңғыш қазақстандық атанған Бек-әли Ержан Stan.kz тілшісіне он жыл ішінде қандай университеттерге түскенін, қай ұлттың қасиеттерін бойына сіңіріп алғанын, үндістер мен америкалықтардың қазақтардан несімен ерекшеленетінін, мақсатқа қалай жету керектігін айтып беріп, қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Бек-әли, өзіңіз салған сара жолыңыздан көздеген мақсатына міндетті түрде жететін адамдардың қатарына жататыныңызды түсіндік. Білімге, оқуға деген құштарлығыңызға тоқталып өтсеңіз. Неліктен Америкада оқығыңыз келді?
1997-1998 жылдары Кеңес үкіметі кезіндегі жүйемен жоғары оқу орнында бес жыл оқыдым. Ол кезде бакалавриат, магистратура, PhD деген болмайтын. Бес жыл оқыған соң, кандидаттық, докторлық деген жүйе бар еді. Менің әкем — дәрігер. Әкем америкалықтармен кездескенде шетелдіктердің тіліне қызығатынмын.
Мектеп қабырғасында білім алып жүрген кезімде ағылшын тіліне құмар болдым. Тілді оқи бастаған соң, көкейімде “ағылшынша сөйлейтін адамдардың мемлекеттері қандай екен?” деген сұрақ туындады. ҚазҰУ-да белсенді, озат студенттердің бірі болдым.
Бірінші, екінші курстарда университетте шәкіртақылық бағдарламалар болатын. Алғаш рет шәкіртақыға үміттеніп, өтініш білдіргенімде, өтпей қалдым. Бірге оқыған курстастарым: “Озатсың, белсендісің, қалай өтпей қалдың?” — деп таңғалды. Әрине, осы менің намысыма тигендіктен, соңына дейін күресу туралы шешім шығардым.
Бірінші және екінші курстардан кейін бағдарламалар бітіп, магистратураны шетелде оқуға мүмкіндік беретін шәкіртақылар пайда болды.
Мен Алматы қаласындағы барлық мәдени елшіліктердің, орталықтардың тізімін жасап, соларды аралап шықтым. Бүкіл мемлекеттердің ішінен Америка магистратураға арнап көп шәкіртақы бөледі екен. Осыны білген соң, АҚШ-тың шәкіртақысын жеңіп алуды мақсатыма айналдырдым.
Бірнеше шәкіртақыға өтініш білдірдім, бірақ Американыкін ұтып алу бұйырмай қойды. Он жыл бойы үмітімді үзбей, АҚШ-тың шәкіртақысын жеңіп алуға талпындым. Сол уақыттың ішінде Тунисті, Мысырды, Венгрия мен Үндістанды көріп, отыз төрт жасыма дейін оқыдым.
Қазір де әлем деңгейіндегі университеттердің шәкіртақысына өтініш білдіремін, бірақ маған “сіз өте біліктісіз” дегендей жауаптар келеді. Оның үстіне көптеген жоғары оқу орындарының базасында тұрмын. Бүгінгі күні өзіндік зерттеумен айналысып, конференцияларға қатысып жүрмін.
Сіз түрлі шәкіртақыларға өтініш білдіріп, Үндістандағы Джавахарлал Неру атындағы университетте білім алу мүмкіндігіне ие болдыңыз.
Менің электронды поштама Үндістан елшілігінен хат келгенде, Тунисте араб, француз тілдерін оқып жүрдім. Үйге хабарласқанымда әкем: «Балам, шәкіртақыны ұтып алдың. Барасың ба, бармайсың ба?» — деді. Сұрағына жауап ретінде бір күн беруін сұрадым. Үндістан туралы бұрын-сонды ешнәрсені білмедім. Киноларын қарамадым, тамағын да жеп көрмегенмін. Әрине, бойымда үрей болды. Әйтсе де, тәуекелге бел буып, Үндістанға бару туралы шешім қабылдадым.
Отбасылық жағдайларға байланысты курстарды жалғастыра алмаймын деумен шұғыл түрде арыз жазып, бір аптадан кейін Қазақстанға оралдым. Екі-үш күнде құжатымды жасатып, Үндістанға ұшып кеттім. Джавахарлал Неру атындағы университетті аяқтап, ғылыми дәрежені алған тұңғыш қазақстандық атандым. Университетте де, жатақханада да кілең үнділермен бірге оқып, бірге тұрған жалғыз қазақ мен болдым.
Маған дейін қазақстандықтар Үндістанға тек хинди тілін үйрену үшін курстарға келіп тұрған екен. Қазақстанды үнділер сол уақытта Кеңес Үкіметінің құрамындағы бір ел ретінде таныды. Орта Азияда орналасқан мұнайы көп мұсылман мемлекеті деген сынды бес-алты деректерді білді. Толығымен Үндістанда үш жыл тұрдым, Болливудтың отаны менің жүрегімде, бұл ел қаныма сіңіп кеткен.
Қазақстанда сәби он сегіз миллион адамның арасында туылады. Ал Үндістанда бала миллиардтан аса адамдардың арасында дүниеге келеді. Ол дүние есігін ашып, бесікке бөленген күнінен бастап бәсекелестікте өсуге мәжбүр. Оларда мектепте, университетте, барлық жерлерде бәсекелестік бар. Үндістанда бір нан бір миллиардтан аса адамдарға бөлінеді. Сол нанның бір үзімін алу үшін үндістер күн-түн демей еңбектенеді.
Өзім бәсекелестікті жақсы көремін. Бәсекелестіктің арқасында сапаның пайда болатынын ескерген жөн. Ал Үндістанда сапа жүйесі өте мықты. Профессор болу үшін көп жұмыс істеу керек. Бір миллиард адамның ішінде ерекше екеніңізді дәлелдеуіңіз керек. Менімен бірге бір бөлмеде тұрған үндіс студент-белсенді төрт-бес сағатын ғана ұйқыға арнап, қалған уақытын кітап оқуға бөлетін. Екінші студент те солай төрт-бес сағат ұйықтайтын. Әрине, сондай қауым маған әсер етті.
Үндістаннан келдім, өзіндік ізденуден тәжірибем артып күшейді. Америкалық шәкіртақыға өтініш білдіргенде бірден Колумбиялық университет пен Оксфордтан жауап келді. Колумбиялық жоғары оқу орны бірінші күні, Оксфорд екінші күні хабарласты. Бір жылдан кейін қайтадан АҚШ-қа оқуға кеттім.
Екі мықты университет оқуға шақырғанда қуаныштан төбеңіз көкке екі елі жетпей қалған болар?
Таңдаудың жоқтығы да, таңдаудың көптігі де проблема дейді ғой. Егер бір ғана шәкіртақы болғанда қуануға болатын еді. Ал менің жағдайымда екі мықты университеттен жауап келді. Қайсысына барарымды білмедім. Сондықтан бір де бақыттының, бірде бақытсыздың күйін кештім.
Колумбиялық университеттің және Оксфордтың адамдарымен кеңестім. Барлық ақпаратты жинап алғаннан кейін, өзіме екі жоғары оқу орнының қайсысы маңыздырақ екенін анықтауға тырыстым. Студенттік кезімнен мен үшін Америка басымдылықта еді. Әлем астанасы саналатын Ньй-Йорк та, Колумбиялық университет те АҚШ-та орналасқан.
Әрине, Британия, Оксфорд, Кембридж мен үшін маңызды, бірақ АҚШ маңыздырақ болып тұрды. Сөйтіп Оксфордқа рахметімді айтып, америкалық рухты ұнатып, АҚШ-ты таңдадым. Америкадағы жатақханалар кішкентай, онша емес дегенді еститінмін. Бірақ мен университетке түскенде Үндістанда тұрған жерімді есіме алып, америкалық жатақханалардың деңгейін өте жақсы деп бағаладым. Үндістанда тұру, оқу, күн көру әлдеқайда қиын еді.
Шетелдік жоғары оқу орнына түсу үшін үміткерлер тестілеудің бірнеше кезеңдерінен өтіп жатады. Кейде олар болмайтын жерден қателесіп, оқуға түсе алмай қалғандарын айтады. Сіздің де басыңыздан білім қуып жүріп, мүлдем күтпеген оқиғалар орын алған болар?
Әртүрлі оқиғалар болды. Үндістанда оқып жүріп, Венгрияның шәкіртақысына үміттендім. Венгрияның жоғары оқу орнына тапсырып, іріктеудің бірінші және екінші кезеңінен өттім. Үшінші кезеңде университеттің адамдары менен телефон арқылы интервью алуы керек еді. “Сізге осындай уақытта хабарласамыз” деген сөздеріне құлақ асып, үш сағат бойы телефон қоңырауын күтіп отырдым. Алайда, олар маған хабарласпады.
Мұның себебін білу үшін университетке “сіздерді күттім неге хабарласпадыңыз?” деп жазып едім, олар нөмірге қоңырау шалғанда тұтқаны ешкім көтермегенін айтты. Нөмірімді жазғанда бір санға қателесіп кеткен екенмін. Екінші мүмкіндікті беруді сұрадым, бірақ жоқ деген жауап алдым. Осылай бір жылым өте шықты.
Бес жылдан соң мен әлгі жоғары оқу орнына, яғни Орталық-еуропалық университетіне шақырту бойынша дәріс оқуға бардым. Жалпы, бұл білім шаңырағына Америкада оқыған ғылыми адамдар келіп, АҚШ-қа аттанғысы келетін адамдарға университеттердің жүйесі жайлы дәріс оқиды. Менің түсінгенім — бұйырған кетпейді. Ойлағаныңыз бүгін жүзеге аспаса, оның уақыты ертең немесе оның арғы күні орындалуы мүмкін.
Он жыл бойы жаныңыз қалаған жоғары оқу орнына, яғни Колумбиялық университетке түсе алмай жүргеніңізде, көкейіңізді елге оралайын немесе берілейін деген ойлар мазалады ма? Өзіңіз соңына дейін берілмей күресу керектігін айттыңыз. Сізге жеңілмеуге, алдыға жылжуға кім немесе не көмектесті?
Жеңілу мен берілу адамның ақыл-ойы мен миына байланысты. Мен әрдайым бір нәрсені біліп, үйреніп, көргісі келіп тұратын адамдардың қатарына жатамын. Он жыл ішінде әртүрлі жерлерді көрсем, шәкіртақыларды алсам деген қызығушылығым басылған емес. Өмір деген сондай ғой. Талпынасыз, барыңызды саласыз, бірақ қалаған нәтижеңізге жете алмайсыз. Берілмей, соңына дейін талпынып, күресесіз.
Менде «өтінішіңіз үшін рахмет, өкінішке орай, біз сізді қабылдай алмаймыз» деген бір бума қағаз бар. Және «біз сізге қуана хабарлаймыз» деген он шақты құжат бар. Адамдар менің жетістігімді ғана көреді, ал сәтсіздіктерім туралы білмейді.
Мықты мотивация бар жерде жалқаулық та болмайды. Қайтайын, шаршадым деген ойлар көкейді мазаламайды. Әр адамның бойында құмарлық бар. Оның өзі жақсы және жаман деп бөлінеді. Мысалы, біреу ақшаға құмар. “Ешкімге бермеймін, мынаны, ананы аламын” деумен құмарлықтың жаман түрін көрсетеді. Екіншісі “мына жерге барамын, ананы үйренемін, мынаны көремін” деп жақсы құмарлықтың мысалы ретінде басқаларға үлгі болады. Құмарлықты неге арнау керектігін әркім өзі шешеді.
Сізді әрі қарай алдыға жүрегіңіз жетелейді. Әлеуметтануда High Voltage People және Low Voltage People (ағылшын тілінен аударғанда жоғары вольтты және төменгі вольтты адамдар — ред.) деген ұғым бар. Әр адамның өз вольты бар. Егер сіз үш адамға әсер етсеңіз, сізде үш вольт. Сіздің өміріңіз мың адамға әсер етсе, мың вольт бар. Сондықтан біз жоғары вольтты адамдарды тәрбиелеу керекпіз. Адам басқа адамға бірнәрсе беру үшін ішкі жан-дүниесі байлыққа тұнып тұруы қажет.
Сіздің түпкілікті масатыңыз Колумбиялық университетте оқып, қайтып келу болды ма? Сіздегі бар біліммен әлемдегі мықты жоғары оқу орындарында жұмыс істеуге болады. Шетелге көшіп кету туралы ойландыңыз ба?
Америка, Британия, Үндістан шәкіртақыны бергенде бір талап қояды. Сіз шетелдік университетті тәмамамдаған соң, өз еліңізге оралып алған тәжірибеңізді енгізіп, екі жыл жұмыс істейсіз. Егер мен олардың талабын орындамағанымда базаларында қара тізімге кіріп кететін едім.
Бірақ бұл мен үшін приоритет емес. Қазақстандағы студенттерімнің көбісі менен неліктен осы елден көшіп кетпегенімді, не үшін осында сабақ беріп жүргенімді сұрайды. Мен он жыл бойы әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан мемлекеттерде болдым, бірақ жан-жайлылығымды Қазақстаннан таптым, қазақстандықтардың арасында тұрған маған ыңғайлы.
Расизмді, кастаға бөлінуді, мигрант, не мигрант емес дегеннің не екенін көрдім. Балаларымды міндетті түрде шетелде оқытқым келеді, бірақ мен олардың Қазақстанда өмір сүргенін қалаймын. Сосын мен барлық мемлекеттерге команда ретінде қараймын. Мен Үндістанды, Венгрияны немесе Түркия мен Қытайды команда ретінде қабылдай алмаймын.
Сосын адамдардың екі түрі болады. Бірі қандай да бір жерде проблеманың болып жатқанын көріп, кетіп қалса, екіншісі проблеманы челлендж ретінде қабылдап, онымен жұмыс істейді. Әрине, кетіп қалуыма болады. Бірақ ол маған қызық емес. Себебі маған бәсекелестік, ішкі драйв керек. Ал ол қиыншылық, проблема болған кезде шығады.
Қазақстан құрып тұрған мемлекет емес. Басқа мемлекеттермен, басқа қауымдармен салыстырғанда, Қазақстанда жағдай жақсы. Бірақ бізде бәсекелестік жоқ. Қазақта “понт” деген нәрсе бар. Тіпті, біле білсеңіздер, понттың да жақсысы, жаманы бар. Қазақ ұлтының қанында көлікпен, дәулетпен емес, тәрбие, әділдік, инабаттылықпен мақтану болуы тиіс. Мен өршіл, дара, ұқыпты жастармен көп жұмыс істеймін және олардың бойындағы қасиеттерін жақсылыққа балаймын.
Әр мемлекеттің жақсы және жаман нәрселері бар. Мысалы, барлығы Американы мақтайды, АҚШ-та бәсекелестік өте күшті. Егер мен АҚШ-та жұмыс істеп жүріп, ауырып қалсам, жұмысымнан айырыламын. Сосын сақтандыруым, сырқатты сақтандыруым барлығы жоқ болып кетеді. Оның үстіне, маған ешкім көмектеспейді. АҚШ-тың осы жағын ешкім айтпайды неге? Себебі, оның үлкен PR машинасы бар.
Олар өздерінің компанияларын бәрінен үздік ретінде жарнамалап, бірге жұмыс істеуге шақырады. Сәйкесінше күллі әлем АҚШ-қа аттануға асығады. Америкада жұмысқа орналасу үшін адамдар күрделі іріктеуден өтеді, тек үздіктердің үздігі ғана соңына дейін жетеді. Олардың жүз университеті болғанымен, ең үздік бесеуі ғана әлемге америкалық білімнің атын шығарады. Қалған тоқсан бесі орташа.
Америка үлкен мемлекет қой. Оңтүстігі мен солтүстігінде тұратындар, Техас пен Мичиганда өмір сүретіндер бір-бірінен қатты ерекшеленеді. Менінше, америкалықтар христиандық құндылықтардың арқасында мықты. Олар адал еңбектену, барлығын рет-ретімен жасау, қонақжай болуды біледі. Америкалық фильмдерде байқап жүрміз ғой, басты кейіпкер қиындыққа тап болғанда, тығырықтан шығаратын жолды таба алып, түбінде жеңімпаз атанатынына сенеді. Never give up (Ешқашан берілме —ред) осыдан шыққан.
АҚШ-та оқығанда жетпіске келіп. PhD-ға тапсырған атаны, қырық жасында магистратураны бітірген әйелді көрдім. Негізі адам мен бәрін білемін дегеннен қорқу керек. Бір нәрсені үйреніп алып, жаңа дүниені меңгеруге деген құштарлық болуы тиіс. Қырық жасында фотоаппаратпен суретке түсіруді жақсы көретінін түсінген америкалық әйелдің басында сурет саласын зерттеп, оны оқып шығу туралы ой пайда болады. Және ол сол ойын арнайы курстардан өтіп, жүзеге асырады.
Қырық жасына дейін дәріхана қызметкері болып жұмыс істеген әйел фотограф ретінде жұмыс істей бастайды. Себебі, әлгі америкалық әйелде көптеген адамдарда кездесе бермейтін батылдық бар. Көбісі жан-дүниесі қалайтын нәрсені орындамай, құлшынысын басып тастайды. Нәтижесінде ішкі күйгелектілік пайда болады. Егер ол өз қалауынан қысылмай, мысалы фотограф болу туралы арманын орындағанда, бақыттырақ өмір сүретін еді.
Сіз көптеген елдерді аралап, білім алып қайттыңыз. Біздің отандық мектептер мен жоғары оқу орындарына шетелдік профессорларды сабақ беруге жиі шақырады. Жалпы, шетелдік ұстаздардың қазақстандық әріптестерінен қандай айырмашылығы бар?
Америкалық профессорларға өзіндік зерттеуге уақыт беріледі. Бәсекелестік болғаннан кейін олар мақалалар жазады. Ал бізде зерттеуге қарауғанда, мұғалімдер көбінесе оқытуға үлкен көңіл бөледі. Өзіндік зерттеу бізде қатты дамымағандықтан, бәсекелестік күшті емес. Бірақ біз үлкенді құрметтей білеміз. Қазақ халқы әркез білімі бар адамды құрметтеген. Мұндай қасиет бізден бөлек қытайлықтар мен жапондықтарда бар.
Менің ойымша, ұстаз бен оқушының арасында сыйластық, кішкене ресмилік болуы тиіс. Мен әртүрлі профессорлардан білім алдым. Бір елде мұғалімдері сабырлы, еркіндікке жол береді. Екінші мемлекетте ұстаздар студенттерімен ресми қарым-қатынасты ұстағанды жөн көреді. Ал Қазақстанда микшер, еркіндік беретін де, ресми қатынасты ұстанатын ұстаздар бар. Маған осы ұнайды. Кейбір профессорлар студенттерін бірге тауға шығып қайтуға, демалуға шақырады, мен күресуге шақырамын.
Қателеспесем, күреспен бала күніңізден бастап айналысасыз. Джиу-джитсудан да көптеген жетістіктерге жеткенсіз.
Ең бірінші рет күрес залына барғанда спорттың бұл түріне бірден ғашық болдым. Он үш жасымнан бастап күресті тастамай келемін. Шетелде оқыған кезде күрес залы болмаса да, белтемірге тартылып, жүгіріп, бассейнге барып тұратынмын. Мен екі нәрсеге, яғни спорт пен білімге құштармын.
Кішкентай кезімде спортқа қатысқанымда ағайым маған күрес сенде ұрып тұр, Қазақстанның құрамасына барасың деді. Мен ағайыма күрестің маған ұнайтынын, бірақ білім алып, шетелді көргім келетінін түсіндірдім. Спорт мен үшін маңызды, дегенмен білім маңыздырақ.
Джиу-джитсудан залымды 2008 жылы ашқанбыз. Басында бес-ақ адам болатын. Қазір адам саны екі мыңға жетті. Қазір залды кеңейтуді ойлап жүрмін.
Сіз тоғыз тілде еркін сөйлей аласыз. Қазір оныншы тілді оқып жүрсіз, солай ғой?
Португал тілін меңгеріп жүрмін. Мен бразилиялықтармен араласамын. Олар ағылшынға қарағанда португал тілінде жақсы сөйлейді. Маған сол португал тілін оқуға мотивация береді. Тілді оқығанда маған сөйлемдердің қалай құралатынын, қандай құрылымдардың қолданылатынын білген ұнайды. Өкінішке орай, маған осының барлығын түсіндіріп беретін адам табылмады. «Ютубты» ашып, өз бетімше ізденіп, профессор Джейсонды таптым.
Ол жақсы түсіндіреді, бірақ маған тілді ойын арқылы үйренген ыңғайлырақ. Тілді үйренудің ыңғайлы жолын тауып алдым, соның көмегімен португал тілінде сөйлеуді үйреніп жүрмін. Тілді оқығанда адамның миына салмақ салынады. Ми бұлшық ет секілді күшейеді. Қартайғанда тез алжып кетпеуге көмектеседі.
Болашаққа қойған қандай жоспарларыңыз бар?
Жанұям, екі ұлым — менің басты жобаларым. Кәсіби әке, кәсіби ана, кәсіби бауыр деген ұғым бар. Адамдар өз салаларының мықты маманы болуы үшін аянбай еңбектенеді, бірақ кәсіби әке, ана, бауыр болу туралы ойланбайды. Бауырыңыздың, балаңыздың өмірін бақылау оңай емес. Бізге жақсы қарым-қатынас құрудың қажеті жоқ деп ойлау — қателік. Менің ойымша, адамның жанұясындағы проблемалар жұмысына әсер етеді. Отбасыңызда барлығы жақсы болса, жұмысты да қуана-қуана істейсіз.
Менің ойымша, әр мемлекеттің ең басты даму индексі отбасы құндылықтарының деңгейімен байланысты. Егер ол елде отбасы құндылықтары өте жақсы болса, мен оны дамыған мемлекет, дамыған ел деп қабылдаймын.
Бала тәрбиесі мектеп пен университеттен бұрын үйде басталады. Бізге балалардың тобына ата-аналар ұл-қыздарын алып келіп, олардан чемпион шығаруды сұрайды. Егер әке мен ана баласының чемпион болуын қаласа, өзі де джиу джитсуға қатысу керек. Әкесіне қатысуға ұсыныс тастаймыз, бірақ ол жұмысы барын және уақыты жоқтығын алға тартады. Әке мен ана бірінші кезекте өздеріне назар аудары тиіс. Себебі, бала үнемі ата-анасына қарайды.
Бізде қазір әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталып жатыр. Үйлену оңай, үй болу қиын деп текке айтылмаған ғой. Біз, қазақтар, тойға қатты мән береміз, бірақ жастардың әрі қарай үй болып кетуіне аз көңіл бөлеміз. Ер адамның және әйелдің функциясы қандай? Екеуінің қарым-қатынастары қандай болуы керек? Білмейміз. Үйленуге де, үй болуға да дайындалу керек сияқты. Әйеліммен үйленбей тұрып, біз талаптарымызды талқылап алдық.
Үйленгеннен кейін міндетті түрде даулы мәселелердің болатынын білдік. Сондай жағдайлардың кезінде не істейтінімізді нақтылап шықтық. Менің жаныма Американың “сөйлесейік, талқылап шешейік” деген тәжірибесі жақын. Мысалы, жұбайыңыздың бір әрекеті көңіліңізге жақпаса, ашуланып, ұрысудың орнына «маған сенің киімдеріңді шашып тастағаның ұнамайды» деп қарапайым сөзбен бәрін түсіндіруге болады.
Жұбайыңыз сөзіңізге құлақ асады. Ерлі- зайыптының арасында «неге олай істедің?», «неге олай дедің?» сынды түсініспеушіліктер тумауы тиіс. Мен Үндістанды, Американы, Венгрияны, Египет пен Тунисті көрдім. Сол жақтағы жергілікті халықтың жанұяларына зер салдым. Содан шығар бір «экспириенс» (ағылшын тілінен тәжірибе дегенді білдіреді — ред.) алғаным. Әр адамның ондай тәжірибесі жоқ қой.
Маған адамдармен араласқан, сөйлескен ұнайды. Америкалық бір жанұяны танимын. Отағасының санасында әйелім тек үйде отырып бала қарауы тиіс деген түсінік жоқ. Әйелі жұмысқа шыққанда, ол әке ретінде балаларына қарап, қамқор болуға міндетті екенін жақсы біледі. Америкалықтардың осы қасиетін жаныма жақын тарттым.
Әйелім екеуміз жұмыс кестелерімізді бір-бірімізге ыңғайлы етіп жасап қойғанбыз және біз балаларға бірге қарауға талпынамыз. Біздің қоғамда өкінішке орай әкелер бала тәрбиесіне атсалыспайды. Әрине, балаларына үлкен көңіл бөлетін әкелер бар, бірақ олардың саны аз. Сондай-ақ әке мен бала арасындағы қарым-қатынас жақсы дүние сияқты жарнамалынбайды. Әкесі баласымен тауға шығып, серуендеп жүргені жайлы видеолар шықса жақсы болар еді.
Кейбір ер адамдар өзінің әкелік парызын ақша табумен, жанұясын асыраумен шектеп тастайды. Әке мен бала арасында ашық диалог болуы керек. Жанұяда бірігіп шешім шығару болмаған соң, балада өз ойын ашық айта алмайды. Мамандыққа келгенде бала өзінің жүрегіне жақын саланы емес, грант бар саланы таңдап, төрт жыл қиналады.
Америкада балаға мамандықты таңдап беруге көмектестін арнайы элиталы мектептер бар. Бір аптада балалар ауруханаға, келесі аптада көлік жасайтын зауытқа және тағы да басқа мекемелерге барып, олардың қалай жұмыс жасайтынын көріп шығады. Осылай өздеріне ұнаған саланы таңдап, білікті маман атану үшін еңбектенеді. Оның санасында жұмысты сағат тоғызда бастап, алтыда бітіру деген болмайды. Сүйікті ісімен айналысқан соң, өз ісіне адалдық танытады. Жеке басым жұмысқа жұмыс ретінде қарамаймын. Адам болғаннан кейін шаршаймын, бірақ жұмысқа бару керекпін, залға барып жаттықтыру қажет деп міндетсінуді білмеймін.
stan.kz