Колледж студенттері кәсіп ашу сырларын үйренді
«Жастық шақ – адам өміріндегі ең шешуші кезең. Өмір бір орнында тұрмайды. Кәсіп ашуға ыңғайлы уақыт ол –дәл қазіргі кез. Сондықтан, алтын уақыттарыңызды бос жібермей, қоғамнан өз орындарыңызды алуға асығыңыздар»,-деді Палата басшысы.
Сонымен қатар, «Атамекеннің» басшысы бизнес бастамасы бар жастарға ұсынылатын мүмкіндіктер жөнінде айтып берді. Айталық, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бастап, 18 бен 29 жас аралығындағы белсенді жастарға арналған «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасын жүзеге асырып келеді. Курсқа қатысушылар бизнесті басқару теориясы мен тәжірибесіне үйреніп, оқу аяқталған соң, өз идеяларын қорғайды. Ең үздік бизнес-жобалар микроқаржы ұйымдарының, бизнес өкілдерінің және әлеуетті инвесторлардың қатысуымен өтетін «Идеялар жәрмеңкесіне» қойылады. Сонымен қатар, жастар ӨКП өткізетін «Бизнес кеңесші» семнарына қатыса алады. Сондай-ақ палата алаңында белсенді жастарға арналған түрлі тренингтер және белгілі кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп тұрады. ӨКП директоры колледж студенттерін осы шараларға қатысуға шақырды.
Студенттермен кездесу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылды Жастар жылы деп атауына және «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» салтанатындағы «Атамекен» палатасының жастарды бизнеске баулу туралы тапсырмасына орай ұйымдастырылған. «Жастар жылы – жастардың өзін дамытуына үлкен мүмкіндік беретін жыл. Кездесудің мақсаты -талапты, белсенді жастардың арман-мақсаттарына жол ашу»,-дейді Ақтөбе гуманитарлық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбарша Жиенқұлова.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе қаласы
Дереккөз: http://egemen.kz/