«Көліктің есігі әзер дегенде жабылды»: Автобус ішіндегі кептелістен шаршаған Алматы іргесіндегі тұрғындар әкімнен көмек сұрайды — Қазақстан жаңалықтары

0

Осыдан бір жыл бұрын Алматы мен Қаскелең қалаларының аралығына қатынайтын 202-ші автобус өз жұмысын бастаған еді. Осы кезде халықтың қуанышында шек болмаған-ды. Қазір жолаушылар таңғы және кешкі уақытта автобусқа сыймай, кейбірі жолынан қалуға мәжбүр. Ал мініп үлгергендерінің өзі көлік ішінде қысылып, бірімен бірі араздасуға дейін барып жүр. Stan.kz тілшісі осы мәселенің мән-жайына үңіліп көрген еді.

202-ші автобус Сайран автовакзалынан Қаскелең қаласындағы Үшқоңыр автовакзалына дейін келіп, бір сәт аялдап, жолаушыларды келесісіне отырғызады екен. Ол Әйтей ауылына дейін жүріп, Мақашев көшесі арқылы Қаскелең қалалық ауруханасына барады. Одан әрі қайтадан Алматыға жол тартады.

Жолаушылардың күнделікті тыныс-тіршілігімен жете таныспаққа біз де 202-ші маршрутқа міндік. Иін тірескен халықтың санында есеп жоқ. Тіпті, көліктің есігі әзер дегенде жабылды. «Ары тұрсай», «Неге итересің?» деп бірімен бірі жағаласып жатты жұрт. Күнделікті қайталанатын құбылыс осы. Қысылып тұрғанымызға қарамастан, жолаушыларды да әңгімеге тарттық.

Автобустың жолаушысы Күләш апа аталған маршруттың енгізулуіне қуанғандарын айтады, себебі жүретін жолы ыңғайлы. Дегенмен автобустардың саны көңіл көншітпейді.

– Бұл 202-ші автобус басында бәрімізге қолайлы болды. Өйткені,  «Оңай» картасы арқылы 80 теңге төлеп, Алматыға дейін барамыз. Қазіргі мәселе автобус санының азаюына байланысты туындап отыр. Жүргізушілердің өздері бір күндік жоспарды толығымен орындай алмай жүргендерін айтуда. Себебі, мінген жолаушылардың біраз бөлігі жолақысын төлегілері келмейтін көрінеді. Мұны өзіміздің көзіміз күнделікті көріп жүрген соң, айтамыз. Өйткені, бұл автобуста басқалардағы секілді емес, «Оңай» бақылаушылары мүлде жоқ. Ал, жүргізушілердің қадағалауға мүмкіндігі бола бермейді, — деп бөлісті жолаушы.

«Оңай» қондырғысы орнатылған барлық көлікті бақылаушылар тексеруге тиіс-ті. Көлікке мініп алып, межелі жеріне жетіп, ақысын төлемей қою кейбір жолаушылар үшін әдеткен айналған. Бұл әлбетте компания жұмысына кері әсер етіп, шығын келтіретіні де сөзсіз. Ал 202-ші бағыттағы автобус тоқтатылса, зардап шегетін де қарапайым халық болмақ. 

202-ші бағыттағы автоубуспен жүретін жолаушылардың жанайқайын жеткізбек ниетпен «Алматыэлектротранс» ЖШС-не хабарластық. 

Аталған мекеменің жауапты қызметкері Нұрлан Елшібаев 202-ші бағыттағы автобустар санының азаю уақытша нәрсе дейді.

— Бүгінгі таңда біздің мекемеден, түрлі бағыт бойынша 900-ге жуық автобус қала ішіне қатынайды. Ал 202-ші бағыттағы автобустар саны техникалық ақауларға байланысты азайып қалғаны рас. Бұл, уақытша орын алған қолайсыздық. Қазіргі таңда 202-ші бағыт аясында 16 автобус халыққа қызмет көрсетуде. 6 көлікке жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олар қалпына келгеннен кейін қайта жұмысқа кіріспек. Ал, дәл осы қоғамдық көлікті «Оңай» орталығының бақылаушыларымен қамтамасыз ету туралы сіздердің ұсыныстарыңызды «Алматы көлік холдингі» ЖШС-не жеткізетін боламыз. Жұмыстың нәтижесі туралы алдағы уақытта міндетті түрде хабардар етеміз.

 

Арнайы «Stan.kz» үшін

stan.kz