Көлік құрастыру үдерісі 15,7 %-ға өсті

0
85

– «Қазіргі таңда облыс­та ав­токөлік құрастыру жұ­мы­сы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан көлік құрас­тыру 15,7%-ға дейін өсті. «Сары­арка­Авто­Пром» ЖШС алаңында биыл – 7772 автокөлік, 93 жүк көлігі, 76 автобус пен микро­ав­тобус шығарылды. Ал «Агро­маш­Хол­динг» АҚ-та 225 комбайн өндірілді, бұл кәсіпорынның өнімділігі 2,1 есеге артып отыр, – деді А.Мұхамбетов.

Сондай-ақ өңір басшысы облыстағы агроөнеркәсіптік кешен саласына цифрлы технологиялар қалай енгізіліп жатқанына тоқталды. – Қосар­лас жүргізу технологияларын енгізу жөніндегі техника паркі жаңғыртылды, жанар-жа­­ғар­майды есепке алатын және техниканы орнынан ауыс­тыру есебін жүргізетін датчик­тер орнатылды. Егін шығым­дылығының, ыл­ғал­дылығының, дән бастырудың онлайн мони­торингі жүйесі енгізіле отырып, егін жинау техникасы қай­та жарақтандырылды. Жануар­ларды чиптеу және электронды эпизоотиялық карталарын жасау технологиялары енгізілуде, – деді ол. 

Келесі жылдан бастап об­лыс­тағы бюджетке түсетін жүк­теме азаймақ. Яғни, ол орташа есеппен таяудағы үш жылда жыл сайын шамамен 2 млрд теңгені құрайды деп күтілуде.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру аясында Қостанай облысының соңғы 9 айдағы жұмысын қоры­тындылаған аймақ басшысы жұмысшылардың еңбекақысы туралы сөз қозғады.

Оның айтуынша, 200-ден астам кәсіпорында 36 мың жұ­мыскердің жалақысы өсуде. Мысалы, 1 қарашадағы көрсет­кіш бойынша 180 мекемеде 4500 адамның жалақысы кө­бей­ді. 1 желтоқсаннан 337 мекеме­де 7600 адамның табысы едәуір өсетін болады. Қалған мекеме­лерде де 1 қаңтардан бастап ең­бекақыны өсіру жоспарланған.

Айта кету керек, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында өңірде биыл сомасы 4,2 млрд теңгенің 153 әлеуметтік жобасы іске асырылып жатыр.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»