Көлік құралын тіркеу туралы куәлікте қандай өзгеріс бар?
Көлік құралын тіркеу туралы жаңа куәліктерге автокөліктердің негізгі түсі ғана жазылады. Бұрынғыдай “аққайнар шашырандысы”, “маржан түсті” сияқты нақтылаулар болмайды. Бұл туралы Kolesa.kz ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетіне сілтеме жасап хабарлады.
Жаңартылған құжатта электрондық чип бар. Оған автокөліктің барлық тіркеу мәліметі енгізіледі. Көлік құралын тіркеу туралы куәлікті берерде мәліметтер базасына оның қызыл, қызғылт, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін, ақ, қара, сұр деген сияқты негізгі түсі ғана жазылады, сонымен бірге “күміс түсті”, “алтын түсті”, “аралас” деген сипаттамалар да енгізіледі. Бірақ бұрынғыдай “қара-көк”, “аққайнар шашырандысы”, “маржан түсті”, “бұлыңғыр” деген тәрізді түстің қосымша сипаттамалары жазылмайды. Автокөліктің аралас түсі “Ерекше белгілер” деген графада нақты (қандай түстердің қосындысы екені) белгіленеді. Аэрография түрінде көліктің сыртына қандай сурет салынғаны да осы графада көрсетіледі.
Еске салайық, бұған дейін елімізде айлық есептік көрсеткіш көлемінің ұлғаюына байланысты құжат рәсімдеу құны да өзгергенін хабарлаған едік. Жүргізуші куәлігі қазір 3 150 теңге тұрады. Көлік құралын тіркеу туралы куәліктің құны – 3 157 теңге.
Дереккөз: Baribar.kz