Көлік инфрақұрылымын жетілдіру көкжиегі
Олар: бағдаршам нысандарын бейімдеп басқару; жүргізушілерді хабардар ету жүйесі; қоғамдық көлікті диспетчерлік қызметпен қамтамасыз ету жүйесі; жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесі; қаланың автотұрақ кеңістігін бақылау жобасы; жол қиылыстарын бейнебақылау жүйесі. ITS жобасы бас қаламыздағы бірқатар көшеде реттелетін жол қиылысын автоматты басқаруды жүзеге асырды. Осы жобаны пайдалану нәтижесінде бұл көшелер қиылысының өткізу қабілеті мен көлік ағындарының қозғалыс жылдамдығын орта есеппен 21 пайызға дейін арттыруға қол жеткізілді.
Жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту инновациялық жобаларында қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасының және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының да ерекше басымдығы бар екендігі даусыз. Осыған орай елордадағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және жолаушыларға барынша тиімді де сапалы қызмет көрсету жайы барған сайын жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. «Ақылды қала» әлемдік үдерісіне қосылған Астананың соңғы кезде жүзеге асырған ірі жобаларының бірі – «Интеллектуалды көлік жүйесі» (ИКЖ). Қала көшелерімен күн сайын 500 мыңнан астам көлік қатынайтын елордамыз үшін ИКЖ жобасы ауадай қажет.
ИКЖ жобасының негізгі мақсаты жол қилыстарындағы көлік қатынасын оңтайландыру болып табылады. Ең бастысы, елордадағы көлік қатынасының жаңа жүйесі қоғамдық көлік қатынасына басымдық береді. Жоба толық іске қосылған кезде қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасына барлық мүмкіндіктер жасалып, жолаушылардың ешбір кедергісіз жүріп-тұруына толық жағдай жасалмақ. Жоба бойынша өздеріне бөлінген арнаулы жеке жолақтармен жүретін жедел автобустар қатары көбейеді. Басқаша айтсақ, қоғамдық көліктер көшелердегі көлік тасқынына тәуелді болмай, еркін қатынайды. Барлық бағдаршам да олардың кідіріссіз қозғалысына негізделіп қайта жасалады. Осылайша бас қаламызда қоғамдық көлікке басымдық беру үшін барлық шара жасалуда.
2017 жылдың маусым айынан бастап, бас қаламыздағы көшелердің 12 учаскесінде қоғамдық көліктің еркін қозғалысына арналған Bus Lane жолағы іске қосылды. Еске сала кететін болсақ, бұған дейін Bus Lane қоғамдық көлік жолағы қала көшелерінің 38,4 шақырымын құрайтын 11 учаскесінде іс жүзіне асырылған болатын. Сөйтіп, қазір Астана қаласы көшелерінде жалпы ұзындығы 75,9 шақырымды құрайтын арнайы кедергісіз қоғамдық көлік жолы қалыптасты.
Bus Lane қоғамдық көлік жолағын енгізу автобустар маршруттарының жылдамдығын арттырып, уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде, бұл жоба жол қозғалысы өте жоғары Қабанбай батыр, Сарыарқа, Тұран, Республика даңғылдарындағы, Бейбітшілік көшесіндегі қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігін арттырды. Сонымен бірге Bus Lane қоғамдық көлік жолағы жолдың ұзына бойына созылатын көлік тұрақтарын жоюға, рұқсатсыз қалыптасқан тұрақтардың қысқаруына әкелді.
Келер жылы да бірқатар көшеге қоғамдық көлікке арналған BUS LANE жолағын енгізу жоспарланып отыр. Бұл жол қозғалысы күрделілігін тағы 14 пайызға жеңілдетпек. Жалпы, елордада қоғамдық көлік жолағын енгізудің нәтижесінде таңертеңгі және кешкі уақыттарда аялдамадағы жолаушылардың автобустарды күту уақытын 24 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді.
Қала көшелеріндегі кептелектерді азайтудың тағы бір тиімді жобасы – бір бағытты жолдарды енгізу. Қазір бас қаламыздағы бір бағытты жолдардың ұзындығы 80 шақырымнан асады. Алдағы уақытта бір бағытта ғана қатынайтын жолдардың қатары көбейтілетін болады.
Озық технологияларға негізделген ИКЖ жобасы Астанадағы көлік ағынының жылдамдығын да арттырды. Мамандардың айтуынша, бұрын қала көшелеріндегі көлік қозғалысының орташа жылдамдығы сағатына 20 шақырым болса, жоба іске асырыла бастаған 2017 жылы көлік қозғалысының жалпы жылдамдығы сағатына 30 шақырымға жеткен көрінеді. Интеллектуалды көлік жүйесі қозғалысын жүзеге асыру әлемде басымдық берілген үрдістердің бірі болып табылады. Лондон, Мадрид, Абу-Даби сияқты ірі қалаларда іс жүзіне асырылған бұл жоба өзінің тиімділігі мен өркениеттілігін дәлелдеді. Қала халқының саны жыл сайын тұрақты түрде 50 мың адамға көбейіп отыратын Астана үшін көлік қозғалысының жаңа жүйесін қалыптастыру − уақыт талабы.
Қоғамдық көлік жүйесін жақсартудың тағы бір тиімді жобасы − жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесін енгізу. Аталған жобаның басты мақсаты – елордамыздың жолаушылар тасымалын бұрынғыдан да сапалы әрі жайлы ету. Жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесін енгізу (ЖАТЭЖ) Астана қаласының қоғамдық көлік жолаушыларына төмендегідей артықшылықтарды ұсынады: олар қалталары мен әмияндарда ақша, тиындар салып жүру қажеттілігінен босатылады. Сонымен бірге қолма-қол ақшаның ұрлануын төмендетуге, дербестендірілген карталарды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға жағдай жасап, 60 минут ішінде жол жүру ақысын қосымша төлеуді қажет етпей, басқа автобусқа тегін ауысып отыруға мүмкіндік береді.
Астанада қоғамдық көлікпен жүретін халыққа барынша тиімді де сапалы қызмет көрсету мақсатында қолға алынған тағы бір игі жоба – жабық типті аялдама павильондарын салу. Аталған жоба бойынша бас қаламыздың қоғамдық көлік аялдамаларын толығымен жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Яғни, жобаның басты мақсаты – жолаушыларды жел, жаңбыр, қар және аяз сияқты ауа райының қолайсыз құбылыстарынан қорғай отырып, аялдамаларда автобус күтуге барынша оңтайлы жағдай жасау. Бүгінгі күні Астанада ондаған жабық типті аялдама павильондары орнатылды. Жалпы, елорданың ең көп жолаушылар қатынайтын және жүктемесі жоғары учаскелерінде барлығы 82 жабық жаңа аялдамалар павильондарын орнату жоспарланып отыр.
Сонымен бірге қазір елорда аялдамаларында 133 табло жұмыс істеп тұр. Осы таблолардың тиімді жұмысының нәтижесінде жолаушылар өздеріне қажетті автобустардың аялдамаларға келу уақытын алдын ала біліп отырады. Astra Bus мобильді қосымшасы жолаушылар үшін автобустардың бағдарын бақылаудың екі нұсқасын ұсынады. Біріншісі – картографиялық бағдар, екіншісі – аялдамаға автобустардың келетін уақытын көрсетіп тұратын табло. Бүгінде бұл мобильді қосымшаларды пайдаланатын қала халқының саны 200 мыңнан асып жығылды.
Түйіндей айтсақ, бұл заманауи жобалардың басты мақсаты қала көшелеріндегі кедергісіз көлік қатынасына барынша тиімді жағдай жасап, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттырып, жол-көлік мәселесінде астаналықтардың жоғары мәдениетін қалыптастыру болып табылады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»