Көлік бағасы 2022 жылдың соңына дейін арзандамайды

0

Утилизациялық алым азаяды, «ӨКМ Операторы» Әлия Назарбаевадан мемлекетке өтті, енді машина арзандайды деген ертегі. Бұл туралы елдегі ең ірі автосалон өкілдерінің өзі айтып отыр. Жүрілген автомобилдердің арзандауының бір жолы – автосалондар бұрынғыдай жаңа көліктерге толып, тұтынушы қалаған комплектациясы мен көлік түсін еркін таңдау мүмкіндігі болуы керек.

Дефицит барыс жылының соңына дейін бола береді. Жалпы әлемдік автомобиль нарығында қалыптасқан бұл жағдай келесі жылдың басына дейін жалғасуы мүмкін.
Себебі былтыр жаңа көліктерге предоплата алып қойғандар қазір тұтынушыларға ақшаларын қайтара бастаған. Сосын елге келетін жаңа көліктің дені Ресейде құрастырылады. Олар не дейді сол болады. АзияАвто өлді, СарыарқаАвтопром қалт-құлт етіп істеп тұр.

Көптеген автомобиль брендтеріне жаңа тапсырыстар алу 2021 жылдың соңына қарай мүлдем тоқтатылды. Биыл наурыз, сәуір айында келуі тиіс жаңа көліктерден де күдер үзген жөн. Келгеннің өзінде жұпыны комплектация мен бағасы әлдеқайда қымбат болады.

Тиісінше жүрілген, әсіресе зауыттан шыққанына 5 жылдан аспаған жаңалау көліктердің бағасы да төмендемейді. Салонда көлік жоқ болған соң, олар жоғары сұранысқа ие болып қала береді. Сұраныс болған жерде қарапайым сатушы да мұрнын шүйіріп, ойына келген бағаны айтып жатыр.

Жаңа жылдан бастап, көліктерге баға тағы да өсті. Бірінші қаңтардан көлік құнының артатыны туралы сыбыс пен болжамдар болған. Әдетте желтоқсан айында барлық автосалондар көлікті көп сатады, себебі жақындарына сыйлық жасау, сосын мемлекеттік бюджеттің игерілмей қалған қаржысына қызметтік көліктер сатып алу белең алатын кезең. Бұл жолы салондардағы тапшылық бәрінің жоспарын өзгертті. Ал жекелеген адамдардың тағы сол жүрілген көліктерді сатып алудан басқа амалы қалмады. Көршісі көлігін әлдеқайда қымбатқа сатқанын естіген Әмірболат қалмақ та елден қалам ба деп, көлігін «Колесаға» аспандағы бағамен хабарландыру беріп қойды. Ол өте ме, өтпей ме бәрібір.

Қазір TRADE-IN жүйесімен жүрілген көліктерді сатып алып, қайта сату сегменті жақсы жұмыс істеп тұр. Автодилерлер дефицит кесірінен тұралап қалмас үшін осы бағытты дамытып жатыр. Шаһардағы «МайКар», «АстерАвто» сияқты ондаған автомаркеттерде қазір кәдімгідей ажиотаж. Колесаға қымбатқа қойып қойған машинасына екі апта бойы ешкім звондамай қойған соң, біздің Әмірболат осындай автосалондарды жағалап, көлігін бағалатып жүр. Олар да ақымақ емес өтімділігі жоғары Тойота, Ниссан, Хюндай сияқты көліктерді нарықтық бағамен алады. Қалғандарын өте төмен бағалайды. Берсең бер, бермесең қайқай, дейді.

Бесағаштағы АстерАвтоның ауласында қазір 2,5 мың жүрілген көлік саудада тұр. Жаңа жыл қарсаңында жүрілген көліктерді көптеп сатып алуға тырысқан. 2022 жылы дефицит болатынын, бағаның түспейтінін білгендіктен осындай қадамға барғаны түсінікті. «Юридический таза, тексеріліп алынған» деген ертегілерін айтады да, асықпай сатады.

Өткен жылдың қараша айында 2020 жылғы комплектациясы жақсы «Хюндай Туксонды» 12,5 млн-ға бағалайтын осы алыпсатарлар қаңтардың 15-і күні дәл осы көлікті 18,5 млн теңгеге бағалап сатылымға шығарып қойыпты. Ал 2015 жылғы «Тойота Камри 55» жаңа жылдың қарсаңында 10-11 млн теңге еді, дәл бүгін 15 млн-ға бағаланып тұр. Бұл да құйтырқылық. Баға реттелгенше, елдегі саяси тұрақсыздық қалпына түскенше сұранысқа ие автомобилдерді ұстай тұру. Сосын баға түсті деген желеумен, сәл арзандатып сата бастайды.

Ең абзалы жыл соңына дейін астыңыздағы көлікті жақсы көріп, баптап айдай тұру керек. Әйтпесе утильалым мөлшерлемесі азайғанын күтіп, шетелден тапсырыспен жағдайы жақсы, жылы жаңалау б/у көлік алдыртқан тиімді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ