«Көлігімен қаққан жігіттің отбасы дау шығарды» — Қызынан айырылған ана — Тосын жай
Анасының көлігін мінген жеткіншек 22 жастағы қызды қағып өлтірді. Жол апаты Қызылорданың қақ ортасында болған. Сүлейменов пен Нұрмақов көшелерінің қиылысында жаяу жүргінші жолағынан өтіп бара жатқан бойжеткенді қатты жүйіткіген «Лексус» автокөлігі басып кеткен. Түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген зардап шегуші төрт күн ес-түссіз жатып, тілге келместен көз жұмған. Ал көлік тізгінінде анасының көлігін ұрлап мініп кеткен 10-сынып оқушысының болғаны анықталды. Марқұмның туған-туыстары күдікті жауаптан жалтарып кете ме деп қауіптеніп отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Жол апатын алғаш болып көрген куәгерлердің бірі Қыстаубай Оспанов. Оның айтуынша, оқиғадан соң қансырап, ес-түссіз жатқан бойжеткенді белгісіз біреулер жеке көлікке тиеп, алып кеткен. Кейін ол адамдардың апатқа кінәлі 14 жастағы жеткіншектің туыстары екені анықталды. Олар Саиданы қалалық ауруханаға апарыпты. Ал, ондағылар болса жедел жәрдем бригадасынсыз жеткізілген зардап шегушіні қабылдаудан бас тартыпты. Содан соң өлім аузында жатқан жанды күдіктінің жақындары қаланың екінші басындағы облыстық медициналық орталыққа жеткізген.
«Мына «Пусан» кафесінің алдында осы жерде бір машина тұр екен қыз баланы қағып. Мен тоқтайтын жер таппай айналып келіп, тротуарға тұрғанымда уже ол баланы тиеп жатыр екен, қыз баланы Лексус автомашинасына, басынан қан кеткен», — деді Қыстаубай Оспанов.
Дәрігерлердің айтуынша, қыздың өмірін сақтап қалу үшін барлық шара жасалған, дегенмен көз жұмыпты.
«Науқасқа бас ми жарақаты, бас миының соғылуы, бас миының диффузды-аксональды зақымдалуы, бас миының ісінуі және ишемия диагнозы қойылды. Науқасқа 28-нен бастап бізде реанимация бөлімінде қарқынды ем жүргізілді. Жүргізілген емге қарамастан 1 қаңтар, 2019 жылы сағат 16.30-да науқас қайтыс болды», — деді облыстық медицина орталығы директорының орынбасары міндетін атқарушы Алмас Әбілпатта.
Ал туыстарының ішінде Саиданы тірідей соңғы рет көрген анасы екен. Нартай Абдуллаеваның айтуынша, сол күні екеуі кешкі серуенге шығып, қайтар жолда қызы дүкенге сусын алуға кірген екен. Өзі болса еш алаңсыз үйіне кетіпті. Қайғыдан қан жұтқан ана кінәлілер бірнеше күн өткен соң үйлеріне келіп айқай-шу шығарғанын айтып, налиды.
«Шығарып жатқан күні келді де, «Неге айғайлап жылайсың?» деп айғайлап тұр ол кісілер. Жай айтып тұрған жоқ, мен ойладым бұл кісі не деп тұр, маған көңіл айтуға келген адамдар екен деп ойладым мен. Не айтып тұр десем? Соғыста да, 41-нші жылы қанша адам қырылып кетті дейді. Менің қызым соғысқа қатысқан жоқ қой. Соғыс емес қой бұл енді. Айқайлап, ол бізді адам санап тұрған жоқ ол жерде, бір жәй айтып көңіл айта ма, кешірім сұрай ма десем. Ондай ой жоқ ол кісілерде», — деді марқұмның анасы Нартай Абдуллаева.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, рөлде болған жеткіншек өз кінәсін толық мойындаған. Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оған дейін күдікті анасының қарауына беріліпті. Аймақтық полиция департаментіндегілер де тергеу жүріп жатыр дегеннен басқа ақпарат бермей отыр.
«Қызылорда қаласында орын алған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен және 349-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жұмыстары полиция департаменті басшысының және облыс прокурорының ерекше бақылауында», — деп хабарлады Қызылорда облыстық полиция департаментіндегілер.
Алайда марқұмның туыстарының тергеу жұмыстарына көңілдері толмай отыр. Әлі күнге дейін бір тергеуші келіп мән-жайды да сұрамапты.
«Жол-көлік оқиғасы болған күні мен анаммен осында келдім. Көліктер тым көп болды. Менің сіңлімді осы жерде қағып кетті. Ауруханаға бара жатқанымызда осы жердің барлығы қан еді. Жансақтау бөліміне барып, қайта үйге оралғанымызда анам қаққан жерді өзіміз барып, дұрыстап көрейік деді. Келгенімізде бұл жерден бір тамшы қан таба алмадық», — деді марқұмның әпкесі Сәния Абдулла.
Марқұмның туыстары кінәлілер өз қылмыстарын жасыру мақсатында осындай әрекеттер жасап отырғандарын айтады. Қолда бар деректерге сүйенсек, күдіктінің әкесі қалаға белгілі кәсіпкерлердің бірі екен. Тіпті, жуырда шаһардың құрметті азаматы деген атақ та алыпты. Облыстық денсаулық сақтау департаментінде де ықпалды жақындары бар көрінеді. Ал, қара жамылған отбасы мұның бәрі тергеуге кедергі келтіре ме деп қауіптенеді. Бұған негіз де жоқ емесін айтады. Өйткені, Абдуллаевтар отбасы бір аптадан бері Саиданың қайтыс болғанын растайтын куәлікті белгісіз бір себептермен ала алмай отыр.
Дереккөз: https://kaz.tengrinews.kz