Көлгінов полицейлерді төл мерекесімен құттықтады

0

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ҚР қарулы күштерінің ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен салтанатты іс-шарада елордалық полиция қызметкерлерін келе жатқан полиция күнімен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

«Құрметті полиция қызметкерлері, қадірменді ардагерлер. Бүгін антына берік, рухы мықты қоғамдық тәртіпті жіті қадағалап, қаламыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында бас қостық. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын», — деді Көлгінов.  

Ол елорданың дамуына полиция қызметкерлерінің қосып жатқан үлесі орасан зор деп атап көрсетті. 

«Біз елорда азаматтарының өмір сүруіне қолайлы өркендеген шаһарға айналдыру үшін қызмет етеміз. Ол үшін қауіпсіздік мәселесі ең бірінші кезекте. Сондықтан полиция қызметкерлері сіздерге шынайы ризашылығымызды білдіреміз», — деп айтты қала басшысы.

«Жұмыста да, қоғамда да өзімізден бастауымыз керек. Ал қоғамдық тәртіпті сақтайтын – сіздер. Әрине, сын көп, сынау оңай, бірақ оның жұмысын атқару оңай емес. Сіздердің жұмыстарыңызды қоғам, біз бағалаймыз. Полиция қызметкерлері қашан да алдыңғы шепте тұрады. Полиция – халықтың қолдаушысы, қорғаушысы. Алдағы уақытта полиция қызметкерлерін біз толық қолдаймыз.

Тәртіп өзімізде болуы керек. Себебі ішкі тәртіп болса, сенім болады. Ал халық сенімі біз үшін өте маңызды. Ең бастысы сіздерге қарап мемлекетке баға береді. Бізге қарап мемлекетке баға береді. Соны бірге атқаруымыз керек», — деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі. 

Сөз соңында Көлгінов елордалық полиция департаментінің бастығы Ержан Саденовпен кездескенін, бірқатар мәселені назарға алғанын атап өтті. Соның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында полиция қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін қарайтынын айтты.

stan.kz