Көктемгі демалыс аяқталған соң оқушылар қалай оқиды

0

16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін мектеп оқушылары көктемгі демалысқа шыққан болатын. Білім басқармасы карантин сәуірдің бесінен кейін жалғасса, қандай шара қолданылатынын айтты

АЛМАТЫ, 18 наурыз — Sputnik.  Алматыдағы мектеп оқушылары демалыс аяқталған соң қашықтан оқуға көшеді. Колледж студенттері де осы жүйе бойынша білім алады. Бұл туралы Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айтқұлова мәлімдеді.

Ертеңнен бастап қаладағы балабақшалар жұмысы уақытша тоқтайды.

«Бүгінге дейін балабақшалардың жұмысы тоқтатылған жоқ. Алайда Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында карантин жарияланғанына байланысты ертеңнен бастап балабақшалар жұмысын тоқтатады», — деді Айтқұлова.

16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін мектеп оқушылары көктемгі демалысқа шықты. 

«Егер карантин жалғасатын болса, 5 сәуірде демалыс аяқталған соң оқушылар қашықтан оқытуға ауысады. Осыған байланысты Алматы қаласы білім басқармасы министрлікпен бірігіп, дайындық жұмыстарын жасап жатыр», — деді басқармасы басшысының орынбасары.

Айтқұлова онлайн сабақ беретін мұғалімдердің үйінде компьютер немесе ноутбук бар екенін де айтып өтті. 

«Жатақханадағы студенттерде үйіне қайтуға мүмкіндік болмаса, олар сол жерде қалып, қашықтан оқуды жалғастыра береді», — деп түсіндірді Айтқұлова.

Коронавирус эпидемиясы

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 36 адамға жетті. 18 адам Нұр-Сұлтанда тіркелді, Алматы қаласында – 18 адам.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ол 30 тәулікке жалғасады. 


©
Sputnik / Тимур Батыршин

Карантинге байланысты Алматы вокзалында дүрбелең басталды

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуына жол бермес үшін осындай шешім шығарды.

Соған сәйкес, 19 наурызда сағат 00.00-ден бастап екі мегаполисте карантин жарияланады.

Алматы қаласы әкімдігі карантин кезінде қаладағы қоғамдық көлік қозғалысының тоқтамайтынын айтты. Сондай-ақ, 22 наурыз 00.00-денбастап барлық әуе және теміржол қатынасы тоқтатылады.

 

 



sputniknews.kz